Елімізде бұрын-соңды жасалмаған бірегей операциялар қолға алынды. АҚШ-тан арнайы келген білікті хирургтар микротия мен есту арнасының атрезиясы бар 7 қазақстандық балаға үміт сыйлады.
Сондай-ақ, бұл операцияларға отандық дәрігерлеріміз қатысып, тәжірибе жинады. Астанадағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» жүргізіліп жатқан бұл шараға «Асыл бала» қоғамдық қоры бастамашы болған. Оталар туа біткен, жүре пайда болған және күйік шалған беттегі, денедегі ақауларды түзетуге бағытталған. 2016 жылдан бері осы жобаның арқасында 300-ден астам бала білікті дәрігерлердің қабылдауында болып, толық тексеруден өтті. Олардың 80-не былтыр операция жасалса, бұл жолы 64 бала хирургтардың көмегіне жүгінді.
Джек Демос, «Surgicorps international» ұйымының хирургі:
- «Ана мен бала» орталығының дәрігерлерімен жасап жатқан ортақ ісімізге ризамын. Қазақстандық хирургтердің қолынан келмейтіні жоқ деп ойлаймын. Өйткені, олар бізден ғана емес, біз де кей нәрселерді олардан үйреніп жатырмыз. Жобаның сәтті өтіп жатқаны қуантады. Бұдан бөлек, науқастарымыз, яғни, кішкентай балақайлардың да операцияларға көңілдері толуы ең басты жетістігіміз деп санаймын.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.