Қазақстанда 500 мың гектар орман алқабы қалпына келтірілді. Бұл бүкіл республика аумағының 5 пайызы. Орман ландшафтарын қалпына келтіру мен Бонн бастамасы бойынша Астанада өтіп жатқан жиын осы саладағы жетістіктерге арналды. Конференцияны ашқан Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Бонн бастамасының басты міндеті 2020 жылға дейін 150 миллион гектар орманды қайта қалпына келтіру екенін атап өтті. Бұл орайда еліміздің тәжірибесіне қызығушылық танытып жатқан мемлекеттер аз емес екен.
Басқосуға келген Орталық Азия мен Кавказ елдерінің орман шаруашылығы бойынша ведомство басшылары мен халықаралық қоршаған ортаны қорғау одағының өкілдері Астананың айналасындағы жасыл белдеуге ерекше көңіл бөлді. Елорданы жағалай жайқалған жасыл желектің аумағы қазірдің өзінде 80 мың гектарды құрап отыр. Ал, 2021 жылға қарай Астана айналасындағы орман алқабын 100 мың гектарға жеткізу көзделген.
Қайыр Рыскелдинов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
- Қазақстандағы орман алқабының қамтып жатқан жері 4,7. Соны біз 2030 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі жиналыста көп мәселелер талқыланып, шешілді деп ойлаймын.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.