Елорда мерейтойына орай «Нұр келбетті Астана» көркемсурет фестивалі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда мерейтойына орай «Нұр келбетті Астана» көркемсурет фестивалі өтеді

08.06.2018

Астана шетелдік суретшілер көзімен. Елорда мерейтойына орай «Нұр келбетті Астана» деп аталған көркемсурет фестивалі өтеді. Бұл шараға арнайы АҚШ, Еуропа, Ресей, Бразилия, Жапония, Үндістан сынды мемлекеттерден қылқалам шеберлері келіп отыр. Олар бір ай бойы Астананың көрікті жерлерін аралап, көңілдері жағып, көздеріне түскен жерлерді кенепке түсіреді. Айта кетерлігі, суретшілердің ішінде өнерімен төрткүл дүниеге танылған, туындылары атақты Лувр мұражайына қойылған шеберлер де бар. Сондай-ақ, фестивальге үздік отандық қылқаламшылар да қатысады. Ал, барлық суретшілердің жұмыстары Ұлттық музейге табысталады. Фестивальге қатысуға ниет білдірген шетелдік шеберлердің алды Астанаға келе бастады. Журналистерге сұхбат беріп, елордадан алған алғашқы әсерлерімен бөлісті.

Акира Мурата, суретші:

- Әуежайдан шыға сала ең бірінші көзге түскені – жап-жасыл кең дала. Табиғат тамаша екен. Астананы болашақ қаласы деп есептеймін. Егер мен Жапонияда тумасам және қаланы өзіме таңдауға мүмкіндік болса, Астанада дүниеге келуімді қалаушы едім.

Александра Коннор, суретші:

- Астанаға келмес бұрын Қазақстан туралы ақпарат іздеп, интернетті шарладым. Әсіресе, қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, этникалық ерекшелігі мен салт-дәстүрі қызықтырды. Ал, ұшардың алдында бір апта бұрын қазір үстімдегі бешпетті көріп қалып, ойланбастан сатып алдым. Бұл менің қазаққа деген құрметім деп есептеңіз. Сондай-ақ, мен бүркітшінің суретін сала бастадым. Жалпы, туындыларымның басым бөлігін тарихқа арнағым кеп тұр.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу