Елімізде тауарды пайдаланып, қайта қайтаратын тұтынушылар пайда болған
Елімізде өз құқықтарын асыра сілтеген тұтынушылар пайда болды. Қалай дейсіз ғой? Алдымен тауарды сатып алады. Қажетіне жаратады да екі аптаның ішінде қайта апарып береді. Мұндай заң бұрыннан бар. «Бірақ, пайдаланып әкелуі ақылға қонымсыз», - дейді зардап шеккен кәсіпкерлер. Жиі қайтарылатын тауарлардың қатарында, әшекей заттар, ұялы телефондар мен киімдер бар. Тіпті, қымбат асыл тасты бұйымдарды ауыстыру оқиғалары да болған. Мұндай жағдайларды тоқтатудың амалы бар ма? Ондай тұтынушыларды қандай жауапкершілік күтіп тұр?
Сырт қараған кезде екі жүзіктің еш айырмашылығы жоқ. Құны 500 мың теңгеге жақын. Інжу тасы көздің жауын алады. Тұтынушылар қайтарған кезде талап етілетін этикетка қағазы, пломбасы да болған. Бірақ, қымбат тасына зерттеу жүргізе келе, жасанды екені анықталған.
Елордадағы зергерлік салоны мұндай жағдайды алғаш рет басынан өткеріп отырған жоқ. Тұтынушылар алады, қайтарады, ойына келгенін істейді. Қиыны сол, қымбат тасы ауысса, шығыны шаш етектен.
Айнаш Есенберлина, сатушы:
- Біз заң бойынша екі аптаның ішінде қайтарып аламыз. Бірақ, тұтынушылар оларды түрлі мақсатта пайдаланып әкеледі. Тіпті қымбат тасын ауыстырып та жіберген оқиғалар болды. Ал, бұл бізді үлкен шығынға батырады.
Осы орайда сараптама неге жүргізбейді деген сауал туар. Бірақ, ол да қыруар қаржыны, ұзақ уақытты талап етеді. Бәрін кәсіпкер өзі төлеуі тиіс. Оның үстіне, арнайы зергерлікті тексеретін зертхана тек үш қалада ғана бар.
Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы:
- Ақтауда да осындай жағдай болды. Қайтарылған әшекей бұйымның жасанды екенін дәлелдей алмай, ұзақ уақыт соттастық. Бірақ, жеңе алмадық. Сондықтан да, Зергерлер одағы тауардың бұл түрін мүлдем қайтаруға болмайтын тізімге қосса екен дейміз.
Пайдаланылып, жиі қайтарылатын тауарлардың қатарында жиһаз, киім-кешек пен ұялы телефон да бар. Мәселен, кейбір тұрғындар жаңа жиһазбен қонақ күтсе, енді бірі қымбат телефонмен уақытша мақтанған. Тіпті той деп әдемі көйлекпен ажарланған азаматшалар да бар. Алайда, оларды қайтарған сәтте тауарды қолданғанын дәлелдеу өте қиын. Ал, егер қылмысы әшкереленсе, темір торға тоғытылуы әбден мүмкін.
Жандос Тұяқов, заңгер:
- Егер ол азамат алдын ала сондай жоспар құрып, сенімге кіріп, заңды пайдаланып, сондай іс-әрекет жасап жатса, бұл алаяқтыққа жатады. Қылмыстың дәрежесіне, келтірілген шығынына байланысты жазаға тартылады. Егер әшекейді айырбастап алғанын бір-екі айдан кейін біліп жатса, жаңағы алаяқтың кінәсін дәлелдеу қажет.
Мұндай оқиғалар әсіресе, Астана, Алматы, Қарағанды сияқты үлкен қалаларда жиі кездеседі екен. Кәсіпкерлердің шағымын ескерген арнайы палата уәкілетті органдарға ұсыныс тастады. Өйткені, қолданыстағы заңның шикілігі көп.
Ербол Өзтеміров, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры:
- Кәсіпкердің де, тұтынушының да қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екені жазылмаған заңда. Нақтылық жоқ. Пайдаланды ма, жоқ па, нақты сипаттары да бекітілмеген. Сондықтан, көптеген даулар туындайды. Бір тұжырымға келе алмайды. Біз тиісті ұсыныстарды мемлекеттік органдарға береміз. Олар бір айдың ішінде қарап, бізге тиісті жауабын беру керек.
Елімізде заң бойынша дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, іш киімдер, жануарлар мен өсімдіктер, метрмен өлшенетін маталар қайтарылмайды. Дегенмен, кәсіпкерлер жоғарыда айтылған қылмыстық оқиғаларды ескеріп, тауарлардың тізімін жаңарту керек деп есептейді. Бұл бастаманы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да құптап отыр. Демек, алдағы уақытта өз құқығын дұрыс пайдалана алмаған алаяқ тұтынушылардың айласы іске аспауы әбден мүмкін.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
