Кірістер комитеті көзбояушылыққа жол берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кірістер комитеті көзбояушылыққа жол берген

26.02.2018

Экономикалық тергеу қызметі қылмыстық істерді неғұрлым көп тіркеуге мүдделі. Осылайша, олар белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсеткісі келеді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің алқа отырысында Бас прокуратура өкілі айтты. Аталған комитетке қарасты экономикалық тергеу қызметі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне көптеген қылмыстарды негізсіз тіркеген. Тек өткен жылы бір іс бойынша бірнеше рет тіркелген 200 қылмыс анықталған.  Ішкі істер органдары қылмыстарды тіркеуді жасырып қалуға тырысса, Кіріс комитеті керісінше қылмыс санын көбейтуге құмар. Бас прокурордың орынбасары осындай бірнеше факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша жиі заң бұзатыны да сөз болды. Бұл мәселе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның наурыз айындағы отырысында арнайы қаралмақ.

Владимир Жұмақанов, ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

- Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамындағы қызметкерлердің тәртібі туралы да айтуыма тура келіп тұр. Заң бұзушылық туралы деректер бар. Оны өздеріңіз де білесіздер.

Кірістер комитеті органдарындағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің алдағы айда комиссия талқылауына түсуі де бекер емес.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу