Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы мал бордақылаумен айналысатын шаруалар кейінгі жылдары жем-шөптен қинала бастады. Өйткені, аймақта жайылым аз, дәнді дақыл егетін жер де жетпейді. Шаруаның көбі амалсыздан малға жем болатын дақылдарды әр жерден іздеп тауып, қымбатқа сатып алып жүр. Осы тығырықтан шығу үшін ауданда шаруаларды кооперативке біріктіру, малдың жем азығын дайындайтын кәсіпорындар ашу ісі қолға алынды.
Ақ қала ауылындағы шаруашылықта 1 400-ге жуық ірі қара бордақыда тұр. Олар шөптен бөлек, күніне екі мезгіл жем жейді. Малдың азығы құнарлы болуы үшін мақсары, бидай, мақта, шиті секілді дақылдар диірменде уатылып, араластырып беріледі. Алайда, бұл дақылдардың бағасы бүгінде тым қымбат болып тұр.
Ділшат Юнусов, шаруа:
- Бұлардың бәрін сатып аламыз. Бәрі қымбат. Сатып алып, малға беретін болсақ, семіріп шыққанша 60-70 мың шығын болады. Бүгінгі таңда өз-өзін ақтамай тұр.
Сайрамда 900-ге тарта шаруашылық осы кәсіппен айналысады. Қазір 31 мың мал бордақыда тұр. Орта есеппен алғанда оларды семірту үшін 250 мың тонна жем қажет. Ауданда соның 4 мың тоннасы ғана дайындалады. Биыл тағы жылына 6 мың тонна құрама жем шығаратын кәсіпорын іске қосылмақ. Сондай-ақ, төрт түліктің жем азығы үшін берілетін мемлекеттік субсидияны тиімді пайдалану мақсатында ауданда 45 кооператив құрылды.
Бақтияр Мамаев, Сайрам ауданының әкімі:
- Мұның тиімділігі, кооператив мүшелеріне жем 40 теңгеден сатылады. Яғни, субсидия бар. 20 теңге субсидия алынады. Біріншіден, мал бордақылаумен айналысатын шаруалардың көбеюіне, екінші, бағаның тұрақты болуына, ет құнының өспеуіне көп ықпалы тиеді.
Ет экспортында Сайрамның әлеуеті орасан. Мұнда жылына 27 мың тонна ет дайындалады. Өнім негізінен Алматы мен Астана қалаларына жіберіледі. Иран, Ресей секілді елдерден де сұраныс көп. Сондықтан, қасапхананың көпшілігі бүгінде экспорттық талапқа сай қайта жабдықталуда.
Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығында былтыр 32,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл бұрынғыдан 10 пайызға артық. Мал азығын молайту мақсатындағы тірлік нәтижелі болса, бұл көрсеткіш тағы да еселеп артпақ.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ