Өзен бойындағы қорғаныс бөгетін су жырып, Қалжан ахун елді мекеніне қауіп төнді. Әзірге, мал-жан аман. Бірақ, 2 мың гектардан астам жайылымдық, шабындық жерді су алды.
«Бақ» шаруашылығының 500 гектар күріш алқабы суда қалды. 13 жыл бұрын да осындай жағдай болған. Ол кезде жер жарамсыз қалып, диқандар егін еге алмай, қиналды. Биыл да қауіп бар, егер шабындыққа кетіп жатқан су тезірек бөгелмесе жер игерілмейді.
Серік Әбжәлиев, шаруашылық төрағасы:
- Егілмеген жағдайда осы бригаданың 6-7 адамы жұмыссыз қалады деген сөз. Өте қиын жағдай.
Қорғаныс бөгеті 10 жерден бұзылды. Әзірге соның 5-еуі ғана жөнделіп, қалыпқа келтірілді.
Жалпы облыс бойынша 56 учаске қауіпті деп белгіленсе, 9-ы Сырдария ауданы аумағында. Бірақ, Қалжан ахун ауылының маңындағы бөгеттен су кетеді деп ешкім ойламаған.
Бақытжан Лекеров, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары:
- 1988 жылдан бері бұл жерге су шықпаған. Өзі биік жер. Мұздың кептелісі болғандықтан осы биік жерден су кетіп, дамбыны бұзып кетті. Бұл жер осал тұс деп саналмаған.
Қазір өзенде мұз тұтасып, кептеліп тұр. Бірақ, қалыңдығы әр жерде әртүрлі. Мұздың астымен су жүріп жатыр. Жағдайдың күрделеніп тұрғаны сондықтан.
Серік Сермағамбетов, Облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:
- 11-ші ақпаннан бастап ауа райының жылынуы күтілуде. Әрі қарай жаңбыр да басталады. Соған байланысты егер мұз кептелісі пайда болып, арнасынан су шығып кетіп жатқан жағдайларда біз мұз жару жұмыстарын да жүргізетін боламыз.
Облыста су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді. Бөгет бойында күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылған. Ал, күріш алқаптарындағы су мұз еріген соң насоспен тартылады. Жергілікті әкімдік шаруаларға барынша қолау көрсетеміз деп уәде беріп отыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ