Шығысқазақстандықтар бұдан былай сот-сараптама институтының қызметіне жүгіне алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандықтар бұдан былай сот-сараптама институтының қызметіне жүгіне алады

25.12.2017

Әлдебір жақынымен туыстығына күмәні бар шығысқазақстандықтар бұдан былай сот-сараптама институтының қызметіне жүгіне алады. Мекеме жеке тұлғалардың сұранымы бойынша жұмыс істей бастады. Мәселен, тұрғындар тарапынан жиі түсетін өтініштердің бірі - туыстықты анықтау екен. Өкінішке орай, ДНК тесті арқылы баланың биологиялық әкесін білгісі келетін адамдар көп болып шықты. Бұрын бұл қызметті пайдалану үшін соттың шешімі қажет болатын. Сонымен қатар, жауапты шаруаға 4-5 ай уақыт кететін. Ал, енді генетикалық сараптама қорытындысын 20-30 күнде алуға мүмкіндік туып отыр. Ол үшін, алдымен, ақылы негізде зерттеу жүргізу жөнінде өтініш жазу қажет. Басты талап, әр адам өз еркімен келуі тиіс. Сараптама нәтижесінің заңды күші бар. Яғни, бұл құжатты дәлел ретінде сот істерінде қолдануға болады. Облыстық сот-сараптама институтында сараптаманың 67 түрі жасалады.

Бақытжан Иенбергенов, ШҚО бойынша сот-сараптамалық институты директорының орынбасары:

- Бізге келіп, арыз жазып, 30 күнге дейін сараптама қорытындысын қолына алады. Сараптама бағасының мөлшері 153 мың теңге.

Хабарламаларға жазылу