ОҚО-да тарихи-сәулеттік ескерткіш тозып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да тарихи-сәулеттік ескерткіш тозып барады

21.12.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында ежелгі сәулет өнерінің бірегей  ескерткіштері санатындағы Ысқақ баба кесенесі мен оның аумағындағы тарихи орындар күтім болмағандықтан тозып барады. Іргетасы 8 ғасырда қаланған сағананың бүгінде күмбезінен су ағып, қабырғалары құзданып тұр. Жергілікті жұрт осыны айтып, дабыл қаққанымен әзірге нәтиже жоқ. Өйткені,тарихи орынды реставрация жасауға  жергілікті қазынаның қаржысы жетпейді.  

Ортағасырлық дәстүрлі композициямен тұрғызылған кесененің  бүгінде кірпіштері үгітіле бастаған. Алыстан көз тартатын қос күмбезден де су ағып тұр. Ауыл тұрғындары мұның бәрін кезіндегі сапасыз істелген реставрация жұмысының нәтижесі деп отыр.

Қаратаудың теріскейіндегі тарихи сәулеттік кешеннің аумағында  кесенеден бөлек діни сауат ашуға арналған медресе де бар. 400 шәкіртке лайықталған ғимарат та қазір  қаңырап, қараусыз тұр. Ал, сол маңдағы таңбалы тастар мен көне қалашықтың орны әлі де толық зерттеліп бітпеген. 

Ғани Қалмаханов, тілші:

- Киелі мекеннің аумағында ХІІ-ХІІІ ғасырда Баладыж дейтін қалашық тіршілік еткен. Содан бастап 4-5 ғасыр бойына өркениет пен сауда-саттықтың ордасы саналған көне шаһарды Шыңғыс ханның әскері жермен жексен етіп кеткен екен. Содан бері бұл орын әлі күнге тарихи сырын ішіне бүгіп жатыр.

Бұған дейінгі қазба жұмыстары кезінде  тарихи орыннан ежелгі ғасырлардағы тұрмыс-тіршілікті  айғақтайтын тас және темір бұйымдар, қыштан соғылған ыдыстар табылған. Олардың барлығы бүгінде ауыл мектебінің аядай тар бөлмесінде жиюлы жатыр.  

Кесене бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің қарауында. Сондықтан, жөндеу жұмысына қаржы тек республика қазынасынан ғана бөлінеді. Екінші амал, бұл іске демеушілерді тарту. 

Жандос Құрбан, ОҚО тарихи,мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі орталық директорының міндетін атқарушы:

 - Алайда, демеушілерді тартқан кезде естен шығармайтын бір жәйт бар. Ол міндетті түрде арнайы реставрация жүргізуге лицензиясы бар мамандарды тарта отырып, Мәдениет және спорт министрлігінің бақылауымен жүзеге асуы тиіс.

Екі мыңыншы жылдардың басына дейін  тарихи орында арнайы қызметкер жалақы алып, оны күтіп ұстау ісімен айналысып келді. Кейін қысқарып кетті. Бүгінде сәулеттік ескерткіш ауыл тұрғындары мен жалғыз шырақшының арқасында ғана қалқиып тұр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу