Экспорт әлеуеті артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экспорт әлеуеті артты

03.03.2014
Экспорт әлеуеті артты

Талдықорғандағы «Қайнар» аккумулятор зауыты шығарған өнімінің 70 пайызын экспортқа жібереді. Негізгі бөлігі Ресей еншісінде. Кедендік одаққа кіретін Беларусь елімен  де қарым-қатынас нығайды.

 
800-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын биыл өнімділікті арттыруға ден қойып отыр. Себебі, Қазақстанда жасалған өнімдерге алыс-жақын шетелде сұраныс артқан.
 
Былтыр бұл зауыт 1 миллион 200 мың аккумулятор шығарды. Биылғы меже - 2 миллион дана. Кәсіпорынның өнімділікті осылай сенімді еселеуіне нарық кеңістігінің ұлғайғаны себеп.
 
Кедендік одақ шекарада құжат рәсімдеудегі кедергілерді жойды. Бұрынғыдай уақыт та ысырап емес. Өз қолдарынан шыққан өнімнің шетел асып жатқанына зауыттағы әрбір жұмысшы мақтанышпен қарайды.
 
Тимур Нұрақов, бөлім басшысы:
  Қазақстанның шығарған өніміне шет мемлекеттерден сұраныс жоғары. Қазіргі шығарып отырған партиямыз Қырғыз Республикасы мен Ресейге жөнелтіледі.
 
Кәсіпорын Кедендік одақпен ғана шектелмек емес. ТМД елдері тұрақты тұтынушылар қатарында. Ендігі меже Еуропа және Араб елдерінің нарығы.
 
Қуаныш Әжмағанбетов, «Қайнар-АКБ» ЖШС құрылтайшылар кеңесінің төрағасы:
Балтық жағалауындағы елдерге, Польшаға берсек, олар Еуропаға сатса, бізге сол ыңғайлы. Польша арқылы аз да болса өнімдерімізді Еуропаға таныстырып жатырмыз.
 
Ал, Араб Әмірліктері арқылы Африка елдеріне жол ашылады. Сондай-ақ, көрші Қытаймен де келіссөздер жүргізіліп жатыр.
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу