Жеңіс Қасымбек: «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі нәтиже бере бастады

11.05.2016
Жеңіс Қасымбек: «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі нәтиже бере бастады

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі аясында Қазақстан арқылы Қытайдан және Орталық Азиядан Ресейге қарай тауар айналымы 2 есеге артты. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«Бүгінде біз «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бойынша алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан арқылы тауар айналымы, жүк айналымы, трафик көлемі артты, осы ретте Қытай жағынан, сонымен қатар Орталық Азиядан Ресейге қарай тасымал екі есеге өсті. Бұл дәліз бойынша жүк тасымалын 30 млн тоннадан астам деңгейде байқап отырмыз. Осы көрсеткіштер Қазақстан ішіндегі еліміздің жүк тасымалы емес, яғни бұл импорт-экспорт және транзит. Бұл жобаның әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз»,-деді вице-министр.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық аясында бұл - ірі интеграциялық жобалардың бірі. Қытайдағы Ляньюньган портынан Санкт-Петербургқа дейінгі дәліз 8 мың 400 шықырымға жуық. Осы ретте Қазақстан арқылы 2 мың 787 шақырым өтеді. Бүгінде Қазақстан арқылы өтетін негізгі жол құрылыстары аяқталды. 

Хабарламаларға жазылу