Экспорт әлеуеті артуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экспорт әлеуеті артуда

01.07.2014
Экспорт әлеуеті артуда

Қазақстан биылғы жылдың соңына дейін 10 мың тоннаға жуық ірі қара мал етін экспортқа жібереді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда  1350 тонна ет экспортқа жөнелтілді. Биылғы жылдың соңына дейін 9700 тонна ет экспортқа шығарылады деп жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда фермерлік шаруашылықтарда ірі қара мал басының үлесі 12-ден 22 пайызға дейін өскен.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Ірі қара мал етінің экпорттық әлеуетін арттыру жобасы 2012 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жоба барлық облыстарда бірдей жүргізіліп жатыр, деп айта алмаймыз. Мысалы, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында бұл көрсеткіш барлық аналық ірі қара малға шаққанда 35 пайыздан артық.

Сондай-ақ, брифингте белгілі болғандай, ұлттық валюта бағамы түзетілгеннен кейін инфляциялық процестерді жоспарланған дәлізде ұстап тұру үшін шаралар қабылданды.

5 айдың қорытындысы бойынша, ағымдағы инфляция 4,5 пайызды көрсетті. Мұндай мәліметті Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi берді. Осы жылы экономикалық өсуді қамтамасыз етуге 500 миллиард теңге, оның ішінде шағын және орта бизнесті кредиттеуге және қолдауға – 100 миллиард теңге, банк секторын сауықтыруға 250 миллиард теңге және индустриялық-инновациялық даму жобаларын іске асыруға 150 миллиард теңге жұмсалды.

Ал, өңдеу өнеркәсібін қаржыландыруға 100 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаражат екiншi деңгейлi 13 банкке жіберілген.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу