95 жылдан бері елімізде жасанды жолмен 14 000 нәресте дүниеге келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

95 жылдан бері елімізде жасанды жолмен 14 000 нәресте дүниеге келген

10.11.2017

Қазақстандық отбасылардың 15 пайызы сәби сүйе алмай жүр. Жыл сайын 160 000  жас отау шаңырақ көтерсе, солардың 20 000-ы репродуктолог мамандардың көмегіне жүгінеді. Дегенмен, медицина мүмкіндігінің  арқасында балалы болғандар да аз емес. Жасанды жолмен 95 жылдан бері елімізде 14 000 нәресте дүниеге келген.

15 жыл бала көтере алмаған Кәмшаттың қазіргі қуанышында шек жоқ. Өйткені, ол 35 жасында жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде ана бақытын сезінді. Қызды болды. Бүгінде бүлдіршін бір жаста.  

Кәмшат, қала тұрғыны:

 - Ешқашан үмітімді үзген емеспін. 15 жылда түрлі әңгімелер болды. Білікті мамандардың арқасында арманыма жеттім. Алла қаласа тағы екінші балама келемін.

Еліміздегі әр алтыншы отбасы бала сүю бақытына зар болып жүр.  Әйел мен ердегі кінәрат деңгейі бірдей. 15000-ға жуық адам бедеулік дертімен ресми тіркелген. Беймәлімі қаншама. Мамандар бұған себеп – «адамдардың өмір сүру салтының өзгеруі», - дейді. Одан қалды, денсаулыққа салғырт қарау, отбасын кеш құру мәселелері тағы бар. Соның салдарынан елдегі әр  100 отбасының 30-ы ажырасуға мәжбүр.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

 - Елімізде қуыршақ құшақтап, құр қиялға беріліп, сәби үнін аңсап жүрген отбасылар өте көп. Некелескендердің шамамен 15 пайызы нәрестелі бола алмай жүр. «Енді қуыршағым деп емес, құлыншағым дейтін күн алыс емес», -  дейді мамандар. Өйткені, медицинаның қауқары артуда.

Қазақстанда заманауи жабдықталып, жасанды ұрықтандыратын 22 орталық  жұмыс істейді. Соның нәтижесінде бедеулік пен белсіздікті түбегейлі емдеуге мүмкіндік бар.

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры:

- Медицинаның биологиялық жетістіктердің арқасында және де денеден тыс ұрықтандырудың арқасында бедеулікті 90-95 пайыз емдеуге болады. Оның барлық мүмкіндіктері біздің Қазақстанда бар. 

Мамандар бұл сырқаттан толықтай сауығу үшін сабырлық танытып, кемінде бір жылдан аса  үздіксіз тексеріліп емделу қажет екенін айтады.  Қазіргі таңда «құтыдағы бақыттың» құны миллион теңгеден  асады.  Нәтижелі болуына  нақты кепілдік те жоқ. Биыл мемлекеттен осы салаға 900 квота бөлінген. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Денсаулық сақтау министрлігі оның себебін ұрықтандыру технологиясының қымбатшылығымен байланыстырып отыр.  

Вячеслав Локшин, Қазақстан репродутивті медицина қауымдастығының президенті:

- 2010 жылдан бері мемлекет көмегінің арқасында 1500-ге жуық сәби дүниеге келді. Халықтың ақпараттанбауы, шалғайда орналасуы, қаржы тапшылығы көп отбасыларға кедергі келтіріп жатады. Біз қазір осы мәселелердің шешілу жолдарын қарастырудамыз.

Тағы бір қуантарлық жайт, келешекте енгізілетін медициналық сақтандыру жүйесі ұрықтандыруға қатысты бірқатар жеңілдікті қарастырады. Бұл Кәмшат сияқты қаншама ананың сәби сүйіп, шаңырағын шатыққа кенелтпек.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу