Маңғыстау облысында үздік ауылдарға 10 миллион теңгеден берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында үздік ауылдарға 10 миллион теңгеден берілді

03.11.2017

Маңғыстау облысында Таушық және Үштаған елді мекендері өңірдің үздік ауылдары деп танылды. Әрқайсысына 10 миллион теңгеден берілді. Үш ай бойы комиссия мүшелері бірнеше ауылды аралап, оларды өмір сүруге қолайлылығы тұрғысынан салмақтап көрді.

Ауылдар  абаттандырылуы, санитарлық жағдайы, архитектуралық келбеті тәрізді барлығы 18 аталым бойынша бағаланды. Таушық және Үштаған елді мекендері өмір сүруге қолайлылығы жағынан өзгелерінен көш ілгері.  Мәселен, 3100 тұрғыны бар Таушық ауылының көшелеріне тротуарлар салынып, орындықтар орнатылған. Көшелер жарықтандырылып, қоқыс жәшіктері қойылған. Аумағы үш гектар алып саябақта 900 түп тал егілген.

Түгелбай Жеткізгенов, Таушық ауылының тұрғыны:

 - Артымыздағы саябақ құрып кету алдында тұрды. Соны ұстап қалдық. Жаңа заман орнап, бірте-бірте аяқты нықтап басып келеміз. Қазір ауыл жақсы. Соңғы жылдары көгалданды, жарықтанды. Халық тазалықтың керек екенін түсінді.

Елді мекенді дамыту мақсатында атқарылған шаруа қыруар. Газ тартылғаннан кейін ауыл қи мен тезектен, күл-қоқыстан толық тазартылған.

ШалқыбаЙ Әзірбаев, Таушық ауылының әкімі:

- Көше-көшенің бойында қордаланған қоқыс көп болды. Жеті жыл ішінде өндірістік кәсіпорындарды пайдалана отырып ауылдың іші мен сыртын түгел тазарттық.  Той-садақаларда ауылды бірлесе отырып, тазалайық, көгалдандырайық деген ақсақалдардың да септігі тиді.

Байқаудан түскен 10 миллион теңге көшелерді одан әрі абаттандыруға жұмсалмақ. Екінші, үшінші орын иеленген ауылдар да олжалы. Әр елді мекенге 5 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін сыйақы берілді. Шаңды қиян Маңғыстаудың экологиясын жақсартуға тың серпін беретін игі жоба әлі де жалғасын табады. 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу