Елдегі ақша айналымы қатаң бақылауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі ақша айналымы қатаң бақылауда

12.02.2014
Елдегі ақша айналымы қатаң бақылауда
 
Азық-түлік бағасы мен ақша айырбастау орындарын қатаң бақылауға алды. Тіпті кейбір аймақтарда тамақ өнімдерін төмен бағада сататын арнайы дүкендер жұмыс істейтін болды. 
 
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев шұғыл жиын өткізіп қарамағындағыларға тиісті тапсырмаларды жүктеді. Соған сәйкес аудан және қала басшылығы күнделікті мониторинг жасап отыруы тиіс.
 
Ауыл шаруашылығы басқармасына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ал, аймақтық кәсіпкерлер палатасы күнделікті тұтынудағы тауарлар бағасын қадағалайтын болады.
 
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
Ұлттық банк және банктер тарапынан айырбас пункттері тиісті шетел валютасымен толық қамтамасыз етілген. Ол жағынан ешқандай мәселе жоқ. Екінші деңгейлі банктердің аймақтық филиалдары да қажет деңгейде шетел валютасына ие. Сондықтан, ажиотаж ұйымдастыру жағдайларын байқасақ,  біз тиісті шаралар қабылдаймыз да, осы ауыстыру пункттерінің жұмысын тоқтатып, лицензиясын қайтарып алуға шаралар қабылдаймыз.
 
Ал Ақтаудағы валюта саудасымен айналысатындар бағаны өсіріп пайда тауып қалуға тырысуда. Алайда қала әкімі Еділ Жаңбыршин кәсіпкерлер мен әкімдіктің бөлім басшыларын жинап, апта соңына дейін мониторингті күшейтуді тапсырды. «Әсіресе, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің аспандап кетуіне жол берілмейді»,- деді әкім. 
 
Еділ Жаңбыршин, қала әкімі:
Бағаны қатаң бақылауда ұстаймыз. Егер, қай жерде бағаның өсуі байқалса, қатаң шара қолданамыз. Егер баға құбылса, барлық аудандарға әсер етеді. Сондықтан артығымен сақталған тауарларды бүгінге дейін қандай бағамен сатсаңыздар, дәл солай ұстайсыздар.
 
Ақжайық өңірінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында облыстық штаб құрылды. Олардың міндеті облыс кәсіпкерлерімен кездесіп, шетелдік валюта және әлеуметтік маңызы бар тауарлар төңірегінде жағдайды қалыпты ұстау. Бұған бизнес өкілдері барынша қолдау білдіретін болады.
 
Серік Шәпкенов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
Шекті баға белгіленетін болады. Егер де осы шекті бағадан асып кететкен жағдайда немесе заңсыз түрде өздерінің дүкендерін жауып немесе тауарларға шектеулер қойылатын болса , бұл кәсіпкерлерге де біз заңды түрде әкімшілік шаралар қолданатын боламыз. Оларға айыппұлдар салынады.
 
Ал Шығыс Қазақстан облысында 3 жұмыс тобы құрылған. Біріншісі, ақша айырбастау бөлімшелерін, екіншісі азық-түлік бағасын соңғысы қоғамдық-саяси жағдайды назарда ұстап отырады. Азық-түлік бағасының көтерілмеуіне тұрақтандыру қоры көмектеседі. Қазір Өскеменде 30, ал Семейде 10-нан астам әлеуметтік дүкен бар.
 
Арман Ілиясов, «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:
Қорымызда 6 мың тонна көкөніс, 2 мың тонна бакалея өнімдері, яғни қант, күріш, өсімдік майы бар. Егер қорымыз азайып қалса, қосымша күріш, қант сатып алуға қаржы бар.
 
Дәл осындай іс-шаралар қазір өзге де өңірлерде қабылданды. Атап айтсақ, Ақмола мен Атырау облыстарының басшылары да бүгін арнайы жиын өткізіп, аймақтағы азық-түлік және тауар бағаларын қатаң бақылауда ұстауға көшкен. 
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ 

Хабарламаларға жазылу