Басты Жаңалықтар Қытайда мұздықтар жылдам еріп жатыр

Қытайда мұздықтар жылдам еріп жатыр

Қытайда мұздықтар жылдам еріп жатыр. Оның көлемі кейінгі жарты ғасырда 24 пайызға дейін азайып кеткен. Бұл құбылыс экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соқтырды. Тянь-Шань жотасындағы жағдай да мәз емес. Тау басында ауа температурасы бірнеше есе жоғарылап мұздықтардың қоры сарқыла бастаған. Мұның салдары Қазақстанға да тиіп отыр. Тілшіміз Айгерім Ермұханқызы тарқатып айтады.

Қытайда мұздықтардың еруі үш есе тез жүріп жатыр. Жүргізілген талдауға сәйкес бұл елде кейінгі 60 жылда ірілі-ұсақты 7 мыңға жуық мұздық жойылып кеткен. Ғалымдар тосыннан болатын табиғи апаттардың көбеюін осы құбылыстан көріп отыр. Жылдан жылға тау үстіндегі көлдердің деңгейі көтеріліп, көлемі ұлғайюда.

Яо Тандун, Қытай ғылым академиясының академигі:

Әсіресе 5 мың метр биіктіктен жоғары қарай қатты байқалып отыр. Оған ғылыми дәлел бар. Мәселен, Цинхай-Тибет үстіртінде ауа райы бұрынғыдан 3 есе жылып кетті. Салдарынан мұздықтар қауіпті жылдамдықпен еріп барады. Еріген су оның түбіне кетіп жатыр. Егер мұздық борпылдақ топырақта жатса ол опырылады. Ал енді түбі тас болса, сырғып төменге қарай сел болып ағады. Бұл аса қауіпті.

Тянь-Шань тауларында да жағдай күрделі. Мұздың қоры тым азайып кеткен. Бұдан бүкіл Орталық Азия елдері зардап шегеді. Кейінгі жылдағы еліміздегі қуаңшылық пен су тапшылығы осының әсері болса керек.

Ли Чжунцинь, Қытайдың ғылым академиясы экология және ресурстар институтының ғылыми қызметкері:

Орталық Азиядағы бес мемлекет ортақ таулар және өзендермен тығыз байланысты. Мұздықтардың тез еруі су ресурсына, экожүйеге кері әсер етіп отыр. Бұл аймақтың ауыл шаруашылығы саласы, гидроэнергетика, өндіріс, тіпті халықтың ауызсуы да осы мұздықтарға тәуелді. Сондықтан бұл жақтағы мұздықтардың жылдам еріп, жойылуы әлемнің басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда қауіпті әрі залалы орасан. 

Мамандар ең алдымен өзен бассейндері мен әр елдің аумағында қалыптасқан тәуекелдерге баға беру керек деп отыр. Қауіпті аймақтағы мұздықтарды анықтау жаппай талдау жүргізуді қажет етеді. Енді бұл бағытта Қытай мен Орталық Азия елдері бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.

Бөлісу