Кеден бекеттеріндегі көлеңкелі бизнестен Еуразиялық экономикалық одақ 100 млрд теңге жоғалтып отыр. Әсіресе, Қырғыз мемлекеті ұйымға мүше болғалы жағдай ушыға түскен. Сондықтан, еліміз заңсыз тауар тасымалына тосқауыл болу мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алды.
Мәселе күрделі. Жеделдетіп шешпесе Одақ аумағындағы қай елге де жеңіл тимейді. Себебі, көлеңкелі импорт бизнестегі бәсекелестікті тежеп, кедендік баждан қағады. Бір ғана мысал, былтыр Қырғыз елінің мәліметі бойынша Қытайдан 1,5 млрд доллардың өнімі кірсе, Қытай дерегі бойынша ол 5,6 млрд деп көрсетілген. Айырмашылығы 4 млрд-тан астам, -деді Қаржы министрі.
Бақыт Сұлтанов ҚР Қаржы министрі:
- Өкінішке орай ЕАЭО-қа соңғы үш жылда Қырғызстан қосылғаннан бері қосымша проблемалар туындап отыр. Сондықтан, біз тиісті проблемаларды ЕАЭО-тың комиссияларында, басқа органдарда көтеріп отырмыз. Тұрақты шешім табылмаған соң өз тарапымыздан бақылау жұмыстарын қабылдап отырмыз.
Көлеңкелі экономика басқа салаларда да белең алған. Бірақ, экономист Сапарбай Жұбаев оның сауда айналымында басым екенін айтады. Бұл кәсіпкерлерге ғана кесірін тигізіп қоймай, тұтынушыға, тіпті тұтас мемлекетке кері әсер етеді. Себебі, шекарадан жасырын жолмен немесе тиісті құжаттарын көрсетпей өткізілген тауар халық денсаулығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Әрі мемлекет бюджетіне түсетін салық та кемиді.
Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты, сарапшы:
- Енді осы көлеңкелі экономикадағы, біздегі саудадағы айналыстағы көлемнің меніңше, 20-25 пайызын көрсетпеуге алып келеді. Яғни, егер де былай есептесек біздің сауда жалпы ішкі өніміміздегі 4-5 пайызын құрайтын болса, бұл бір жарым, 15 трлн-дық ақша. Содан 1 трлн-ға жақын ақша түспей жатыр. Сауданың өзінде. Сондықтан, мен ойлаймын біздің экономикамызға 400-500 млрд теңгелік осы көлеңкелі экономикадан зиян түсіп отыр.
Сондықтан, кеден заңнамасындағы заңбұзушылықты болдырмас үшін «АСТАНА-1» ақпараттық платформасының «Транзит» кіші жүйесі іске қосылды. Бұл декларацияларды электрондық түрде табыстауға және тиімді бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құзырлы органдар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге кеден қызметін жүйелендіру бойынша жекелей жұмыс жүргізіп жатыр.
Нысаналы ЫҒЫЛ