Құнсыздану қаржы нарығына кері әсер етпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құнсыздану қаржы нарығына кері әсер етпейді

11.02.2014
Құнсыздану қаржы нарығына кері әсер етпейді
 
Теңгенің құнсыздануына қатысты бүгін Үкіметтің қаржылық блогының министрлері де баспасөз мәслихатын өткізді. Вице-премьер, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл жағдай елдегі қаржы тұрақтылығына кері әсер етпейді десе, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындайды.
 
Қазақстан Үкіметі теңгенің құнсыздануының еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштеріне қалай әсер ететінін есептеді. Оның ішінде ішкі жалпы өнім, бюджеттің кірісі мен шығысы және инфляция ескерілді. Номиналды жалпы ішкі өнім биыл 120 пайызға артады.
 
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
Біздің бағалауымыз бойынша, осы 20 пайыздық құнсыздану ЖІӨ өсуіне оң әсер етеді. Өйткені, біздің экспорттаушы тауар өндірушілердің экспорттық түсімдері көбейетін болады. Бұның бюджетке де тікелей әсері болады, түсімдері көбейеді. 
 
Еліміздің бас экономисі сырттан әкелінетін тауарлардың қымбаттауы отандық кәсіпкерлердің өз тауарларын өткізуіне жол ашатынын тілге тиек етті. Жалпы, теңгенің құнсыздануы қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
 
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi:
Сонымен бірге импорттың қымбаттауы есебімен ЖІӨ номиналды көлемі 2,3 пайыздан төмендеп, ең соңында 6,5 қосымша береді.
 
Инфляцияны одан әрі өсірмеу үшін Үкімет бірнеше тетіктерді қолданады. Әлеуметтік мәні бар тауарлардың бағасын ауыздықтау мақсатында тұрақтандыру қорларының барлық мүмкіндігі қолданылады.
 
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
Тұтастай алғанда бұл қаржы тұрақтылығына, бюджеттің төлем қабілетіне ешқандай кері ықпалын тигізбейді. Қаржыландыру, бюджеттен бөлудің барлық процедуралары бұрынғыдай жүзеге аса береді.
 
Үкімет коммуналдық қызмет тарифінің күрт өсіп кетпеуін назарда ұстайды. Ақылы қызметтер төлемдерінің инфляциясы бұған дейін бекітілген 1,2 пайыз деңгейінде қалады.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
   

Хабарламаларға жазылу