Алматы инновациялық даму орталығына айналады (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы инновациялық даму орталығына айналады (толығырақ)

10.02.2014
Алматы инновациялық даму орталығына айналады (толығырақ)
  Алдағы 5 жылда Алматы  өркениетті орталыққа айналады. Бүгін осы шаһарға келген Әсет Исекешев осылай деді. Меже - айқын, мақсат - ортақ. Ал нәтиже тек жүйелі жұмыстың арқасында болмақ.
 
Бірқатар өнеркәсіптік өндірістерді аралаған вице-премьер өңірге серпін берер жобалардың орындалуын қадағалауды тапсырды.
 
2011 жылы Индустрияландыру картасының шеңберінде бой көтерген «Нобель» фармацевтикалық фабрикасы бірнеше жылда шығаратын дәрі-дәрмектерін халықаралық стандартқа сай жаңартты.
 
Яғни, өндіріс қуаты 50 пайызға артып, бірінші бесжылдықтың аясында фабрика мамандары қатерлі ісік - обыр ауруына қарсы дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер өндірісін меңгерді. Алдағы уақытта фармацевтикалық фабрика америкалық серіктестерімен бірлесе биотехнологиялық вакциналар шығаратын зауыт салмақ.
 
 Қайрат Қабыл, «Нобель» АҚ фармацевтикалық фабрикасы сапаны бақылау бөлімінің басшысы:
«Нобель» Алматы фармацевтикалық фабрикасында  дәрі-дәрмектің 150 түрі шығарылады. Қазіргі таңда тағы да 100-ге жуық  дәрі тіркеуден өтіп жатыр. Өнімді 300-ге жеткізу жоспарымыз бар. Олардың 20 пайыздан астамы Орталық Азия елдеріне,  атап өтсек, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан елдеріне экспортталады.
 
Сапар барысында Әсет Исекешев сондай-ақ, отандық «Рахат» кондитерлік фабрикасында болып, мұндағы өндірілетін тәтті өнімдердің құрамы мен сапасына тоқталды.
 
Себебі, қазақстандық кәмпиттер тек республикамызда ғана емес, ТМД және Еуропа елдеріне экспортталады. Ол - қант диабетімен ауыратын адамдар үшін арнайы өнім шығаруды меңгерген еліміздегі жалғыз кәсіпорын.
 
Александр Зенков, «Рахат» АҚ кондитер фабрикасының басқарма төрағасы:
Фабрикада тәулігіне 250 тонна кәмпит өндіріледі. 300-ден астам шоколад пен мұз кәмпит түрі бар. Қазір тауарымыз әсіресе, Ресейде үлкен сұранысқа ие. Алдағы жылы шоколадтарды Ауғанстан мен Өзбекстан елдеріне экспортқа шығармақ ниеттеміз.  Сонымен қатар,  Шымкент қаласында фабрика филиалын ашу жоспарда бар.
 
Болашақта Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде инновациялық кластер құрмақ. Оның құрамына еліміздің озық университеттері қатысып, жас ғалымдардың қатары артпақ.
 
Әсет Исекешев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологияларминистрі: 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында 2014 жыл индустрияландыру үшін маңызды деп атады. Себебі, ол бірінші бесжылдықтың қорытындысын шығарып, инновациялық дамудың екінші бесжылдығына бастайтын уақыт. Осы кезге дейін Алматыда Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды дамып келді. Жаңа өндіріс ошақтары бой көтеріп, бизнес ахуалы да жақсарды.  Ал бүгінгі ұсынып отырған инновациялық кластер қосымша жұмыс орындарын ашып, өңірдегі инновациялық белсенділікті арттырады.
 
Сапар соңында вице-премьер қала әкімі Ахметжан Есімовпен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңіне қатысты кеңес өткізіп, 2014 жылға арналған келісілген іс-әрекеттер жоспары мен туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
 
Әйгерім МУСИНА 

Хабарламаларға жазылу