Ертең Алаш көсемі, Әлихан Бөкейханның құрметіне арналған салтанатты шараның бірі - ҚР Ұлттық Банкі шығарған мерейтойлық естелік монета салтанатты түрде таныстырылады.
Алаштанушы-ғалымдар мен «Ақ жол» ҚДП, ҚР Ұлттық Банкінің ұйымдастыруымен қолға алынған айтулы шара 18 қазан күні сағат 12.00-де Астана қаласындағы Сарайшық көшесі №5 үйде өтеді.
Монета Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай естелік ретінде шығарылған.
«Бұл таныстырылым шарасы – Әлихан Бөкейханның тұлғалық қасиетін айқындау ісіне қосылған үлкен үлес. Бұл болашақта ұлттық музейлер мен көрмелерге қойылып, өзінің тарихи құнын арттыратын, сапалы әрі құнды, қымбат экспонат болары хақ.
Монетаға Әлихан келбетін бейнелеу - оның тұлғалық қырын жастар мен жасөспірімдерге насихаттау, таныту деген сөз. Шетелден келетін қонақтар, туристер Ұлттық банктің шығарып отырған бұл монетасын өздеріне кәдесый ретінде сатып алып, Қазақ елінен әкелген тәбәрігіміз деп ұрпақтарына айта жүрері анық», - дейді ұйымдастырушылардың бірі, алаштанушы Елдос Тоқтарбай.