Бүгін Алматыда Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған мерекелік концерт өтті.
Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.
Алдымен сахнаға Қазақстанның мемлекеттік Туы шығарылып, мемлекеттік әнұран орындалды.
«Бәріңізді Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын. Бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мереке барлығымызды біріктіре түседі, ұлттық сананы қалыптастырады, патриоттық сезімді оятады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мемлекеттік рәміздердің бастауында тұрды. Біздің ұлттық Туымыз бүгінде БҰҰ штаб-пәтерінің үстінде желбіреп тұр. Біздің әнұранымыз Олимпиада және басқа да халықаралық жарыстарда шырқалады. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш! Біздің Мемлекеттік рәміздер халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын білдіреді», - деді қала әкімі.
Осыдан кейін концерт басталды. Онда әскери үрлемелі оркестр мен Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік капелла, көркемөнерпаздар ұжымдары және Қазақстанның эстрада әншілері өнер көрсетті.
Естеріңізге сала кетелік, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданған болатын. Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым - Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздері күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер - бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран - Мемлекеттік рәміздер болып табылады.