Маусымның 8 күні Қ. Қуанышбаев театрында «Сүрінген сүрбойдақ» комедиясының премьерасы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маусымның 8 күні Қ. Қуанышбаев театрында «Сүрінген сүрбойдақ» комедиясының премьерасы өтеді

07.06.2016
Маусымның 8 күні Қ. Қуанышбаев театрында «Сүрінген сүрбойдақ» комедиясының премьерасы өтеді

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусымның 8-9-10 күндері, сағат 19.00-де XXV маусымының кезекті премьерасы – «Сүрінген сүрбойдақ» комедиясын өткізеді.  

Авторы – осетиялық драматург Асахмат Айларов. Қазақ тіліне тәржімалаған – Эльмира Макашева. Режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Әлімбек Оразбеков. Бұл спектакль режиссер Ә.Оразбековтің Қаллеки театрының XXV маусымындағы сахналап жатқан екінші туындысы. Осыған дейін, М. Әуезов пен Қ.Ысқақтың «Қараш-Қараш» драмасын сахналағанын еске саламыз.

Әйел – шаңырақтың ұйытқысы, отбасының жылуы. Ер адам үшін әйел затының орны қашан да бөлек. Жалғызбастылықпен күн кешіп жүрген темір мінез Темикконың, абайсызда жасаған бір әрекетінен бүкіл өмірінің өзгеріп кетерін кім білген?! Жұмбақ әйел Дзерасса мен Темикко арасындағы нәзік сезімнен туындаған махаббат парасаты көрермен жүрегін елжіретпеуі мүмкін емес. Ойнақы әуендер мен астарлы әзілдерге толы комедия дүниедегі әрбір жұмыр басты пенденің жалғыз өмір сүруге емес, өз теңін тауып, бақытты болуға жаралғанын тағы бір дәлелдейді.

Спектакль барысында бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр әртістері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері – Мейрам Қайсанов, Ерлан Малаев, Гүлбаршын Қылышбай, Боранбай Молдабаев, актриса, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина, сондай-ақ, актер Асылбек Қапаев, Жасұлан Ерболат және Олжас Жақыпбек өнер көрсетпек.  

Хабарламаларға жазылу