Астанада «Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім» атты республикалық мүшәйра өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім» атты республикалық мүшәйра өтеді

08.10.2014
Астанада «Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім» атты республикалық мүшәйра өтеді

 10 қазан күні Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде  «Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім» атты республикалық мүшәйра өтеді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Жастардың басын біріктіріп, патриоттық сезімдерін, азаматтық белсенділіктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауда Алматы, Атырау, Көкшетау,  Шымкент, Астана  т.б. қалалардан келген жас ақындар бақ сынасады. Үздік деп танылған жас ақындардың өлеңдері университет қолдауымен жарық көретін жинаққа енгізіледі.                   

Сонымен қатар, С. Сейфулиннің лирикалық өлеңдеріне арналған «Аққулар ұйықтағанда» атты республикалық мәнерлеп оқу сайысы және университеттің «Ақ желкен» студенттік театрына арнайы тапсырыспен жазылып, сахналанған «Жолайырықта» драмалық қойылымының премьерасы болады.

Қойылымды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев жазса, режиссері – Қ,Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының актері Қуандық Қыстақбаев.

Сәкен рөлін университеттің Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің студенті Бауыржан  Жақсыбаев, Мағжан Жұмабаеватың рөлін экономикалық факультеттің студенті Әлібек Мырзақұлов сомдайды. 

Хабарламаларға жазылу