Атом станциясы 2018 жылы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атом станциясы 2018 жылы салынады

07.06.2014
Атом станциясы 2018 жылы салынады
Курчатов қаласында атом электр станциясының құрылысы 2018 жылдан басталады. Оған дайындық жұмыстары қазірден жүргізіліп жатыр. Ал, еліміз атом энергиясын мөлшермен он жылдан соң пайдалануға мүмкіндік алады. Бұл туралы Курчатов қаласында Қазақстан және Жапон елінің ғалымдары арасында өткен халықарылық жиын барысында айтылды.
 
Қазақстан мен Жапония атомды бейбіт мақсатта қолдану саласында 20 жылдан бері әріптес. Бұл байланыстың нәтижесінде Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықта атом энергетикасы саласындағы тәжірибелік база қалыптасты. Түрлі күрделі зерттеулер жүргізетін ғылыми-техникалық кадрлар дайындалды. Қазақстан үшін, бұл әріптестікті жандандыра түсу аса маңызды. Өйткені, елімізде алғаш атом электр станциясын салу жұмыстары басталмақ.
 
Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының директоры:
Бұл салада дайындықтан өткен мамандар біздің Ұлттық ядролық орталықта бар. Өйткені, бізде үш ядролық реактор, атом энергетикасын дамыту бойынша ірі тәжірибелік кешендер жұмыс істейді. Сондықтан да, атом электр станциясын салуда дайындалған қызметкерлеріміз жеткілікті.
 
Еліміздегі тұңғыш атом электр станциясын салуға Балқаш көлінің маңы мен Курчатов қаласының аумағы таңдалып алынған. Ол жерлер станция құрылысын жүргізуге қажет табиғи ресурстарды пайдалану мен болашақта өндірілетін энергияны тарату жағынан да тиімді, деп табылған.
 
Бақытжан Жақсалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:
Алғашқы меморандумға қол қойылды. Оның шеңберінде Курчатов қаласында салынатын атом электр станциясының құрылысы Ресейдің қатысуымен өткізілетіндігі белгілі болды. Бұл тек бастапқы қадамдар. Сондықтан, станцияның Курчатовта нақты орналасатын жері, қандай қондырғылар қойылатындығы, қуаттылығы сынды мәселелер алдағы екі жылдың көлемінде біртіндеп шешілмек.
 
Еліміз атом энергиясын пайдалануда бұл салада тәжірибесі мол мемлекеттердің озық әдістеріне жүгінбек. Жапонияда қазір атом энергиясын өндіретін 54 станция бар. Сондықтан, күншығыс елінің ғалымдары «жан-жақты қолдау көрсетуге толық дайынбыз», дейді.
 
Йоши Фуджие, Жапония атом энергетикасы жөніндегі комиссиясының бұрынғы төрағасы: 
Біз өз тарапымыздан станцияны салу қауіпсіздігі, оған қажет зерттеулер мен оны болашақта пайдалану жөнінде білгенімізбен бөлісуге дайынбыз.
 
Мамандар «елімізде салынатын атом станциясы орташа қуаттылықта болады», деп болжап отыр. Бұл болашақта Қазақстанның барлық өңірлерін қажетті энергиямен қамтамасыз етуге жеткілікті көрінеді. Жоспар ойдағыдай іске асса, Қазақстан ең алғашқы атом энергиясын 2024 жылдан бастап пайдалана бастауы мүмкін.
 
Ержан ЖАҚЫП
 
 
 

Хабарламаларға жазылу