Айыппұл төлемегендер енді жасырына алмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айыппұл төлемегендер енді жасырына алмайды

28.02.2014
Айыппұл төлемегендер енді жасырына алмайды
 
Енді  әкімшілік айыппұл төлеуден жалтарып жүргендер жасырына алмайды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева осылай деп мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, жаңа инновациялық жобаны іске асыру үшін комитет бірқатар жұмыс атқарды. Қазірдің өзінде борышкерлер мемлекеттік қызметтерді алуға Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген жағдайда, өтініш берушілерге азаматтың берешегі бар екені туралы ақпар түседі.
 
Сондай-ақ, жаңа инновациялық жүйе аясында екінші деңгейлі банктер арқылы айыппұлдарды онлайн режимде төлеуге мүмкіндік беретін шлюз ашу жоспарланып отыр.
 
Сәуле Айтпаева, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы:
Мемлекет басшысы 2014 жылғы 14 қаңтарда комитетке борышкерлерді арнайы есепке алудың тағы екі түрін жүргізу құқығын беретін Заңға қол қойды. Оны орындау үшін біз Сот актілерін орындау комитетімен деректер алмасу ісін жүзеге асырдық. Біріншіден, бұл инновациялық жоба әкімшілік айыппұл төлеуге міндетті азаматтарды бірден анықтауға көмектессе, екіншіден, мемлекетке түсетін жүкті жеңілдетіп отыр.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу