Жаңақорғандағы ахуал әлі де күрделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорғандағы ахуал әлі де күрделі

25.02.2014
Жаңақорғандағы ахуал әлі де күрделі
 
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы жағдай әлі де күрделі. Кешеден бері күн күрт суытып, су қатып қалғанымен, қауіп сейілді деуге болмайды. Дәл қазір мамандар мұзды ойып, оның астындағы суды арнайы техникамен басқа жаққа бұруда.
 
Ал мұз астында қалған үйлердің иелері баспаналарын тастап, бас сауғалап кеткен. Алдын ала есептеу бойынша 40-тан астам үйдің іргетасы сөгіліп, қабырғаларына сызат түскен. Құдықтар суға толы.
 
Ауданда қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылып, 3 бағыт бойынша тиісті шаралар жүріп жатыр.
 
Әбдімәулен Сабырханов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
Тікұшақпен тау жақтағы 4 су қоймасы, барлық аумақ қаралып өтті қазіргі таңда. Қазір әлі тауда су көп. Соған байланысты қорғаныс шараларын, алдын алу шараларын жасап жатырмыз. Бірлік ауылының тұсынан көп су келуі мүмкін. Соған жұмыс істеп жатырмыз.
 
Жайылма ауылы мұздың ортасында қалды. Құтқарушылар тұрғындармен қоса, малдарды да қауіпсіз жерге көшіріп үлгерген.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Жаңа ғана қауіпті аумақтардың бірі Жайылма ауылына барып келдік. Елді мекенді қазір мұз құрсап тұр. Айта кету керек, құтқарушылар тұрғындармен қоса, малдарды да қауіпсіз жерге көшіріп үлгерген.
 
Сондай-ақ, 26 бекет тұсында суда қалып қойған көліктер де шығарылды. Жалпы аудан орталығында, одан бөлек қауіпті деген тұстарда қорғаныс шаралары қарқын алуда.
 
Негізгі жұмыс «Самара-Шымкент-Жаңақорған» көпірі маңында жүріп жатыр. Өйткені, таудан аққан су осы сайға келіп тіреледі де кентке қарай құйылады. 
 
Бірінші кезекте, тұрғындардың амандығы қарастырылып жатыр әрине. Көші-қон комиссиясы арқылы эвакуациялық бекеттер белгіленген. Яғни, жинақтау, қабылдау пункттері дайын тұр. 
 
Баспанасыз қалған тұрғындар үшін мектеп, балабақшалардан арнайы бөлмелер қарастырылған. Бірақ, әзірге жұртшылық ол жерлерді емес, ағайын-туыстың үйін паналауда.
 
 
  
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу