Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мәз емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мәз емес

22.02.2014
Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мәз емес
 
Кезінде бүкіл елге танылған Орал қаласының тігін-тоқыма фабрикаларының ісі оңға басар емес. Өндіріс орнының бірі араға айлар салып, сауда орталығына айналса, енді бірі тапсырыстың аздығынан толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Аграрлы өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің бұлайша басынан бақ таюының себеп-салдары көп көрінеді.
 
Киім-кешек пен төсек-көрпе өндірісіне қажет мал терісі мен қой жүні аймақта жетіп артылады. Әркімнің қора-қопсысында тау-тау болып үйілген жүн-жұрқаның шіріп жатқаны тағы бар. Ал тұрғындар болса, базардағы қытай мен түріктің арзанқол өнімдерін тұтынуға мәжбүр.
 
Бауыржан Досқалиев, Жәнібек ауылының тұрғыны:
Халық бүкіл жүнді лақтырып жатыр. Бәрі жерде жатыр, ешкім алып жатқан жоқ. Жақын жерден тасимын ғой. Тайырдан, Ақобадан, Текшілден тасыдым.
 
Бауыржан Досқалиев - қой жүнін өңдеп, пайда көріп отырған Жәнібек ауданындағы жалғыз жан. Ол ауылдастары керек етпеген өнімді сатып алып, тиісті кәсіпорындарға тапсырады, болмаса одан төсек-көрпе тігеді.
 
Айнұр Досқалиева, Жәнібек ауылының тұрғыны:
Қазір тапсырыс көп. Аламыз деп жатқандар көп. Қазір ешкім мұндай көп тапсырыс жасап жатқан жоқ. Жасайтын болсақ тапсырыс көп.
 
Ал тігін-тоқыма кәсіпорындарының жұмысты өрістетуіне керісінше тұрақты тапсырыстың жоқтығы тұсау болып отыр. Құрылғанына 46 жыл болған «Надежда» фабрикасы ірі көлемде киім-кешек тігуді баяғыда тоқтатқан. Қазір аздаған партиямен жұмысшы киімдерін тігіп, жаз шыға сұраныс артатын көрпе-көпшікті дайындайды.
 
Владимир Шмидт, «Надежда» тігін-тоқыма фабрикасының директоры:
Мемлекеттік сатып алу тендерінде ұтқан кезіміз болған жоқ. Өйткені жеңімпаз ұсынылған баға бойынша таңдалады. Біз болсақ шикізатты сатып алып, тазартамыз, өңдейміз. Содан кейін ғана одан киім тігеміз. Бұл іс қаржыны көбірек қажет етеді. Жасыратыны жоқ жеке кәсіпкерлер болса, тендерді ұтқаннан кейін Қытайдың арзан, сапасыз шикізатымен жұмыс істейді.
 
Тағы бір түйткіл фабрикаға жас тігіншілер келуді қойған. Сондықтан шығар мұндағылардың көбі зейнет жасына иек артқандар.
 
Гүлзада Ғабдрахманова, тігінші:
Зейнетке шығуыма жыл жарымдай уақыт қалды ғой енді, ар жағында жастар келсе істеуге болады. Қыста тапсырыс жоқ, ертең мамыр айларында тапсырыстар көбейеді.
 
«Диана плюс» серіктестігі болса жұмысын толық тоқтатқан. Кезінде 2500 тігінші қызмет еткен ірі фабрика, енді сауда орталығына айналмақшы. Бізбен тілдескен кәсіпорын басшысы, өндірістің құрдымға кетуіне тапсырыстың тапшылығы себеп болды дегенді алға тартты. Бұған қоса шекарадан ағылған қытайдың арзан тауарларымен бәсекелесу мүмкін болмаған. Тығырықтан шығу жолдары қарастырылғанымен, одан нәтиже болмаған.
 
Тұрсын Өтебаева, Өнеркәсіп бөлімінің басшысы
Басқарма тарапынан ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі атына аталған кәсіпорын негізінде Вьетнам компаниясымен бірлескен жаңа өндіріс орнын ашу туралы ұсыныс жолданған болатын. Алайда Вьетнам компаниясы тарапынан бүгінгі күнде нақты жауап келмей отыр.
 
Өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы небәрі 0,6 пайызды құрайды. Бұл аздай өткен жылы өндіріс едәуір төмендеген. Саланы дамытудың бірден-бір жолы тоқыма-тігін кәсіпорындарын ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамту. Сондай-ақ салықты азайту. Бұл бағыттағы жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы нақты.
 
Рауан ДИӘЛИ
 
 

Хабарламаларға жазылу