«Барыс Аренада» қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді

27.10.2017

28-29 қазан күндері «Барыс Аренада» қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Айтулы бозкілем бәсекесінен бір күн бұрын палуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті. Дүниежүзілік додаға әлемнің 40 елінен 170-ке жуық спортшы келген.

Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Қытай, Грекия құрамаларының палуандары мықты, - дейді мамандар. Ал, қазақ елінің намысын 9 спортшы қорғайды. Қазақстан құрамасының тізімі әлдеқашан шығып, олар Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп, дайындықтарын бір пысықтап алған.

Қатысушылардың барлығы да Әлем чемпионатына тас түйін дайын. Жүлделер сегіз салмақ дәрежесінде сарапқа салынады. Сондай-ақ, абсолюттік салмақта да үздіктер анықталады. Құрыш білек, бура сан алыптар арасындағы айқастарда бапкерлер тәжірибелі Айбат Сейтен мен Руслан Әбдіразаққа сенім артып отыр.

Ерлан Естек, қазақ күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Палуандар 14 күн дайындалды. 9 салмақ дәрежесінде күреседі. Олардың дайындығы жақсы. Тоғыз салмақтың жоқ дегенде жетеуі алтын алады деген ойдамыз. Қалған екі-үш салмақта да жүлделі болады деген мақсатымыз бар. 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу