Бүгін «Бурабай» шипажай кешенінде өткен қайырымдылық велошеруі сенсациямен аяқталды. Белді-белгілі 300 адамдық бұл велоаламан әуелде Көкшетау қаласындағы облыстық перинеталды орталықтың балалар жансақтау бөлімін кеңейтуге қажетті қаржыны жинау үшін ұйымдастырылған еді.
Бұл - жылдағы дәстүр. Былтырда осындай велошеру өткізіліп, ол кезде 11 миллион теңге қоржынға түскен. Қажетті құрылғылар алынып, сол технологиялар 70-тен астам балақайдың өміріне араша болғаны бар.
Ізгі шара міне, бүгін тағы жалғасты. Бар-жоғы 12 миллион теңге қажет еді. Атымтай жомарт кісілердің арқасы, 87 миллион теңге жиналды. Бұл қаржыға шала туылған сәбидің жанын сақтаушы аппаратты сатып алу былай тұрсын, бұл сомаға – үлкен бір аурухана соғуға болады, деп отыр ұйымдастырушылар.
Акцияға Олимпиада чемпионы Александр Винокуров және «Тур де Франс 2014» жарысының жеңімпазы Винченцо Нибали қатысты. Қайырымдылық қорына үлкен соманы түсірген де, осы екі спортшы.
Олар, талай жарыста жеңіске жетелеген велосипедтерін аукционға қойды. Виноның велосипеді 10 миллион теңге, Нибалидың велосипеді 51 миллион теңге түсірді.