Дүниежүзінің ақпарат көздері боксшы Геннадий Головкиннің жетістіктері туралы жарыса жазуда. Қазақстандық спортшыны өз салмағында теңдесі жоқ үздік, деп баға беруде.
Кеше Нью-Йорктің атақты «Madison Square Garden» сарайында жерлесіміз австралиялық Дэниэл Гилді нокаутпен жеңіп, еліміздің абыройын асырды.
Геннадий Головкиннің осы жеңісінен кейін алғашқы бапкерлерінің бірі Ғалым Кенжебаев шәкіртін Мұхаммед Әли мен Майк Тайсонға теңеді.
Ғалым Кенжебаев, Г. Головкиннің бұрынғы жаттықтырушысы:
Гена кәсіпқой бокста әлемде ең жарық жұлдыз деп айтуға болады. Мұндай боксты қазіргі уақытта ешкім көрсетіп жатқан жоқ. Майк Тайсон мен Рой Джонстан кейін Генаның жұлдызы жанып тұр.
«Қазақстандықтар Головкинді мақтан тұтуы керек. Ол - барлық мағынасында фаворит». Америкалық журналистер мақалаларын дәл осындай кіріспе сөзден бастап жазуда.
Милтон Аллимади, «The black star news» спорт агенттігінің шолушысы:
Геннадий Головкинді барлығымыз жақсы білеміз. Ол үнемі шынығады, соққылары жойқын. Енді ол өз салмағындағы Сауль Альварес, Мигель Котто және Хулио Сесар Чавес секілді даңқты боксшыларымен шаршы алаңда кездесу мүмкіндігіне ие болды.
АҚШ-та «GGG» атымен танымал Геннадий Головкин бұл жолы да кездесуін ерте аяқтады. «Madison Square Garden» алаңына жиналған мыңдаған жұрт Головкиннің жеңісіне көбірек сенді, дегенмен, кездесудің бар болғаны 9 минутқа созылатынын ешкім күтпеді.
Дэниэл Гил алғашқы раундта сүрініп құлады, кейін нокдаун, сосын нокаут. Кездесуден соң экс-чемпионның жаттықтырушысы Гари Шоудың өзі біздің боксшының шеберлігін мойындады.
Гари Шоу, Дэниэл Гилдің промоутері:
Қазақстан халқы Головкинді мақтан тұтуы керек. Оның нәтижелеріне еріксіз сүйсінесің. Өте керемет боксшы. Бастысы ол шаршы алаңның сыртында да адамгершілік қасиеттерінен айнымайды. Бұл - өте маңызды.
Ал, австралиялық журналистер Геннадий Головкинді жойқын күш, ерекше қабілет иесі деп атап кетті. Геннадидің Гилмен кездесуінен кейін австралиялық радио комментаторы тікелей эфирден «Мен кәсіби деңгейдегі сайыстарды 30 жылдан бері көріп жүрмін. Бұл кездесуді асыға күткен едім. Головкин барлық мағынада фаворит», - деді.
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ