Сочи Олимпиадасында фристайл-акробатика бәсекесінде қазақстандық спортшылардың жолы болмады. Сергей Берестовский 17-ші, Бағлан Іңкәрбек 19-шы орын алды.
Сочидағы Олимпиадалық парктің жанында орналасқан «Қазақ үйіне» Халықаралық Олимпиада комитетінің Президенті Томас Бах келді. Құрметті қонақты Қазақстан Олипиадалық комитетінің басшысы Темірхан Досмұхамедов пен еліміздің Спорт және дене шынықтыру істер агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев қарсы алды.
ХОК президентіне Алматының 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізуден үміткер қала ретіндегі таныстырылымы көрсетілді. Мәртебелі мейман жобамен толық танысып, Алматының Олимпиаданы өткізуге толық мүмкіндіктері бар екенін, тек бәсекелестердің өте күшті екенін айтты. Қазақ елімен толық танысқан Бах мырза халқымыздың ұлттық тағамдарынан ауыз тиді.
Томас Бах, Халықаралық Олимпиада комитетінің Президенті:
Алматы мен Астананы өз көзіммен көргенмін. Сіздердің Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге толық мүмкіндіктеріңіз бар. Себебі Азия ойындары жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Бірақ үміткер қалалардың қатары көп, сондықтан кімнің жеңіске жететіні ХОК-тың алқалы жиынынан кейін белгілі болады.
Мәнерлеп сырғанау бәсекесінде мұз үстінде билеуден америкалық Мэрил Дэвис пен Чарли Уайт жұбы Сочидің чемпиондары атанды. Ал Канададан келген Тесса Вирчу мен Скотт Мойр күміс жүлдеге ие болса, ресейлік Елена Ильиных пен Никита Кацалапов жұбы үшінші орын алды.