Өнеркәсіп өндірісі ₸58,5 трлн-ға жетті
Биыл 10 айда Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңге болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға көп. Өндіріс көлемі бойынша Атырау облысы көш бастады. Мұнда 14,3 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Одан кейін Қарағанды, Павлодар, Астана қаласы және Маңғыстау облысы. Ал өндіріс өсімі бойынша Жетісу, Түркістан облысы және Алматы қаласы алдыңғы қатарда. Жалпы еліміздің 20 өңірінің 16-сында өнеркәсіп өндірісінің индексі өскен. Саланың дамуына өңдеу өнеркәсібі серпін берді. Мәселен жеңіл өнеркәсіпте 59,5 пайызға, фармацевтикада 50,9%, машина жасау 22,2%, химия өнеркәсібі 21,9 пайызға өскен. Сондай-ақ автомобиль, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісінде жақсы өсім байқалады. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібінде индекс 96,6%, электрмен, газбен және бумен жабдықтау саласында 111%, сумен жабдықтау және қалдықтарды басқару саласында 108,9% болды.