Басты Жаңалықтар Қазақстанды цифрланған мемлекетке айналдыру – стратегиялық мақсат

Қазақстанды цифрланған мемлекетке айналдыру – стратегиялық мақсат

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тақырыбы өзіне ерекше жақын екенін жеткізді. Өйткені реформа бағдарламасының басым бағыты осы салаға арналған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен AI Journey халықаралық конференциясында сөз сөйлеп, еліміздің осы бағыттағы нәтижелеріне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. Алғашқы «сыңармүйіз стартап» та пайда болды. Қазір оның соңынан басқа да компаниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп аталатын стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған.

Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгілегенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бір апта бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған зерттеуге сәйкес, Қазақстан электрондық үкіметті дамыту жөніндегі әлемдік рейтингте 16-орынға көтерілді. Осылайша екі жыл ішінде бірден сегіз сатыға жоғарылады.

Баяндамада барлық негізгі бағыттар бойынша өсім байқалғаны атап өтілген. Атап айтқанда, азаматтардың цифрлық сауаттылық деңгейінен бастап, интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігіне дейінгі көрсеткіштер жақсарған. Жасанды интеллект мемлекеттік басқару саласында қолданыла бастады. Ол азаматтардың өтініштерін жедел талдауға, жүйелі мәселелерді анықтауға және негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.Басқаша айтқанда, цифрлық технологиялар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыруға көмектесіп отыр.

Бөлісу