Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның биылғы он айда атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы есеп берілді.
Асхат Хасеновтің мәліметінше, «ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгеге жеткен. Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты және жалпы сомасы 16,7 триллион теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
2026–2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы аясында 60 мың шақырым аумақта сейсмикалық барлау жүргізіліп, 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Сондай-ақ тауарлық газ өндіру көлемін 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиардқа дейін арттыру, мұнай өңдеу зауыттарының қуатын ұлғайту жобалары таныстырылды.
Есепті кезеңде отандық зауыттарда 14,9 миллион тонна мұнай өңделген. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында компания қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.
Мемлекет басшысы геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарында жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.