«Qonaev run – 2026» марафоны өтті
Алматы облысы Қонаев қаласында бұқаралық жүгіру жарысы өтті. «Qonaev Run - 2026» атауымен ұйымдастырылған алғашқы марафонға 1500-ден астам адам қатысты. Спорттық додағы кәсіби спортшылармен қатар әуесқой желаяқтар, оқушылар мен аға буын өкілдері де шықты.
Жарыс басталған сәттен-ақ қатысушылар арасында тартыс күшейді. Қонаев тұрғындарымен бірге Алматы, Талдықорған, Тараз және Қызылордадан келген желаяқтар да бақ сынады. Олардың қатарында танымал параспортшы Зүлфия Ғабидуллина мен облыс чемпиондары бар. Ал Ердәулет Қасымжан қарсыластарын соңғы екі шақырымда басып озып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 5 шақырымдық қашықтықты 18 минутта еңсерді.
Ердәулет Қасымжан, «Qonaev run – 2026» марафонының жеңімпазы:
Алдымда үш жігіт болды, соңғы екі км қалғанда алдыға шығып, мәре сызығын өттім. Жарыс өте жақсы деңгейде өтті. Жүргірушілер көп. Жас балалар, кішкентай балалар көп. Олар бізге қарап үлгі алады.
Жарыс төрт жас санаты бойынша өтіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Ал марафонға алғаш қатысқандар да, талай жарыстың тәжірибесін жинаған ардагер желаяқтар да өз әсерімен бөлісті.
– 92 жылы бірінші орын алғанмын осы жерде, енді 3-орын алдым. Тәубә, рахмет! Жалпы күшті өтіп жатыр, организаторларға рахмет.
– Жарыс өте қызықты болды. Менің жасым 12-де. Осындай жүгіру жарысына бірінші рет қатысып отырмын. Өте қызықты болды.
Бұл марафонға қала әкімі Асхат Бердіханов та қатысты. Ол қатысушылармен бірге қашықтықты бағындырып, мәреге жетті. Ал марафонның ашылу салтанатында спорт саласын дамытуға үлес қосқан кәсіпкерлерге Алғыс хат табысталды. Ұйымдастырушылар, мұндай шаралар тұрғындардың бұқаралық спортқа деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді,-дейді.
Дамир Күзембаев, Қонаев қаласы дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы:
Басты мақсатымыз – біріктіріп, осы бір жарыста спортқа баулу. Президентіміздің нақты берген тапсырмалары бар: спортпен айналысатындардың санын арттыру, иә. Соның аясында міне істеліп жатқан жұмыстардың бірі.
Осылайша Қонаевта алғаш рет өткен марафон бір жарым мыңнан астам адамды ортақ спорттық додаға жинады. Бірі жеңіс тұғырынан көрінсе, енді бірі алғашқы жарыста тәжірибе жинады. Ал ұйымдастырушылар мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы