Астаналық сарбаздар ант берді
Қазақстанның әр өңірінен іріктелген сарбаздар әскери ант қабылдады. Астана қаласындағы «Қазақ елі» алаңында «Айбын» президенттік полкінің жауынгерлері Отан қорғауға салтанатты түрде серт берді. Бұған дейін олар арнайы оқу курсынан өтіп шыңдалған. Енді Мемлекеттік күзет қызметінің жауапты міндеттерін атқаруға кіріседі. Сарбаздар рәміздерді күзетіп, Президент қатысатын ресми рәсімдерге араласады. Сондай-ақ күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік күзет қызметінің сарбазы болу үшін 18 бен 27 жас аралығында, бойы 180-195 сантиметр, денсаулығы жақсы болуы керек. Спорттық жетістіктері бар, жоғары білімді жастарға басымдық беріледі.
Сәкен Хамит, «Айбын» президенттік полкінің қатардағы жауынгері:
Бала кезгі арманым деп айтсам болады. Себебі әкем қызметте болғаннан кейін өзім де әскери қызметкер болғым келді. Сол өз арманыма жеттім деуге де болады. Өзім 11-сыныпты бітірдім осы жылы. Жасым 18-де.
Сағынай Хамитов, ата-ана:
Ұлымның өзі әскерге бару себебі мектепті аяқтар алдында тик-токтан көрді. Әскерге өзінің еліктеушілігі бар. Өзім пагон таққан адам болғаннан кейін балам айтты «папа мен әскерге барсам қалай болады» деп. Айттым «таңдауыңды қолдаймын, еш қарсылығым жоқ» дедім. Негізі ары қарай осы әскери қызметті жалғастырам деген ойы бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы