Шекарасыз әлемге шектеу
16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынбақ. Иә, осы аптада елді елең еткізген жаңалықтың бірі осы. Құрылтай депутаттары жілік-майы толыспаған жеткіншектерге Instagram, TikTok секілді платформаларда аккаунт ашуға шектеу қою туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұдан бөлек интернетте бөтен біреудің суретін тек рұқсат берген жағдайда ғана пайдалануға болады. Бұл ең алдымен желідегі жауапкершілікті күшейту үшін маңызды,-дейді жауаптылар. Мәселен, жыл басынан бері интернетте заңға қайшы 128 мыңнан астам материал анықталған. Оның 70 пайызы ғана жойылыпты. Қалғаны көптің көзіне көрініп, көңілді күпті етіп отыр.
Зиянды контенттің таралуы, жалған ақпарат пен анонимді парақшалардың көбеюі заңнаманы қайта қарауға түрткі болған. Жалпы бұл тыйымның тиімді тұстары қандай? Ернұр Медеттің сюжетінен көрелік.
Желі де жалған ақпарат желдей есіп, теріс мазмұндағы материалдардың жас талғамай таралуы қауіпті құбылыс. Жасөспірімдердің санасын сан-саққа жүгірткен цифрлы кеңістіктен сақтану жайы талайдан бері талқыланып жүр. Мамандар да бірнеше рет бас көтеріп, дабыл қаққаны есте. Енді бұл мәселе заңмен реттелмек.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті. Бұл ретте тыйым тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Жаңа заңға сәйкес, пайдаланушылардың жасын анықтайтын арнайы тетіктер енгізілмек. Бұған қоса, желіде жұртты соңынан ертіп, мыңдаған оқырманға ой тастайтын, бірақ авторы көрінбей тасада қалатын парақшалар да назарға алынады. Жауапкершілікті арттыру үшін жазылушысы 5 мыңнан асатын мұндай аккаунттарды есепке алу көзделген.
Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:
Жалған ақпарат пен кибербуллинг көбінесе иелерін анықтау қиын, ірі анонимді арналардан табылып жатады. Алайда қазіргі норма 5 мыңнан астам жазылушысы бар барлық парақшалар мен аккаунттарды қамтып отыр. Осы жерде мәселенің ақ-қарасын ажыратып алу керек сияқты. Мысалы, автордың жеке басын платформаның өзі растаған болса, танымал қоғам қайраткері, журналист, басқа дейік оны қайта есепке қоюдың қажеті бар ма? Сондықтан депутаттар тек анонимді пайдаланушыларды енгізуді ұсынып отыр.
Жас шыбықтың желге иілгіш келетіні белгілі. Конттенттің сұрыпталмауы жеткіншектердің жат ағымның жетегінде кетуінің көп себебінің бірі. Шекарасы жоқ кеңістікке шектеу қоюдағы басты мақсат та сол. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Дегенмен жамандықтың жолын кесу аз, жақсылықтың да жолын ашу керек. Сондықтан ата-ана мен ұстазға қажетті материалдарды бір жерге жинақтау көзделіп отыр.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
Қазақстан балалары тұжырымдамасы шеңберінде біз оқыту бейнероликтерін жинақтадық. Қазіргі ата-ана, оқушы, педагогтерге қажетті түсінікті қауіпсіздік бейнематериалдарды бір жақта жинау мәселесі қарастырылып жатыр.
Екатерина Смолякова, ҚР Құрылтайының депутаты:
Ұлыбританияда онлайн қауіпсіздік мектеп бағдарламасына енгізілген. Финляндияда сауаттылық балабақшадан бастап оқытылады. Ал Еуропалық одақ 2022 жылдан бері Бета интернет For Kids стратегиясын іске асырып келеді.
Баланың цифрлық қауіпсізідігі жаһан жұртын толғандырған ортақ мәселеге айналды. Аустралия, Түркия, Малайзия сынды мемлекеттер дәл осылай 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салды. Бразилия болса, кәмелетке толмағандардың аккаунтын ата-анасының парақшасына байлауды міндеттейді. Ал Грекия шектеуді келер жылдан енгізбек.
Ерсінбек Арғынбекұлы, әлеуметтанушы:
Азия құрлығына қарайтын болсақта мысалы, өзіміздің жан көршілеріміз Өзбекстанның атынан да мұндай шектеулер қойылды. Кез-келген қабылданған заңнама бұл қоғамдағы әлеуметтік құбылысқа мәдени психологияға, тәжірибеге әсер ететіні сөзсіз. Бұл адами қарым-қатынастардың артуына, адам мен кітаптың арасындағы қарым-қатынастың артуына, ақпарат алу құралдарының басқаша көздерін іздеуге мүмкіндік аламыз.
Бұдан былай Қазақстандағы орташа тәуліктік аудиториясы 100 мыңнан асатын онлайн платформалар елде заңды өкілін тіркеуге міндетті. Ал уәкілетті органның заңсыз мәліметті жою туралы талабына құлақ аспағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ медиа алаңда аузына келгенін айтып, былапыт сөйлеп, айналасын былғап жүргендерге де жаза қарастырылған. Жаңа заңнамаға сәйкес, шенеуніктердің жеке өміріне қол сұғып, жұмыстан тыс уақытта фото-видеоға түсіруге де болмайды.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Әр адамның жеке өмірі бар, оған қол сұғуға болмайды. Бұл әрбірден соң конституциялық талап екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал қызмет барысында, белгілі бір ресми шаралардың, болмаса бір жиналыстың үстінде, Құрылтай қабырғасында болып жатқан шаралардың үстінде бейнетаспаға ілініп жатса, біздің ойымызша және заңның концепциясында көрсетілген ешқандай да келісім алудың қажеті жоқ.
Экранның арғы бетінен ақылын ақыға сататын коуч-психологтар мен елді еліктіретін емші-көріпкелдерге де талап күшеймек. Курс өткізіп, онлайн тәлім беретіндер білімі мен біліктілігін растайтын құжатын көрсетуі шарт. Ал бал ашып, болашақты болжайтындар тылсымға теліген танымының ғылыми негізі жоқ екенін алдын ала ескертуі тиіс. Жаңа құжат әзірге бірінші оқылымда мақұлданды. Демек әлі де өзгерістер енуі әбден мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы