Басты Жаңалықтар Хуситтер үкімет әскерін стратегиялық бұғаздан қайта ығыстырды

Хуситтер үкімет әскерін стратегиялық бұғаздан қайта ығыстырды

Араб түбегіндегі жағдай қайта қиындап барады. Соңғы күндері йемендік хуситтер күш алып, әлем мұнайы мен саудасы үшін маңызды Баб-әл-Мандеб бұғазынан Үкімет әскерін қайта ығыстырды. Ал Саудия сол күштерге қолбасшылық еткен командирді басқа қызметке тағайындады. Саудия неліктен көрші елдегі коалициялық күштердің қолбасшысын ауыстырды? Халықаралық шолушымыз Арыстан Рысбектен сұрасақ.

Арыстан Рысбек, тілші:

Сауд Арабиясының үкіметі Йемендегі шиит-хуситтермен соғысып жатқан коалициялық күштердің қолбасшысын қорғаныс министрлігіне кеңесші етіп тағайындады. Енді көрші елдегі үкімет әскеріне генерал Файяд бин Хамед әл-Рувайли бастаған жасақтар жәрдемдеседі. Батыс дипломаттарының сөзінше, бұл ауыс-түйіс Йемендегі жағдаймен және хуситтердің басымдық байқатуымен тікелей байланысты.

Айта кетсек, қазан айында ғана сүнниттік Саудияға арқа сүйеген Йемен армиясы мен оның одақтастары хуситтерді Баб-әл-Мандеб бұғазы маңынан ығыстырған еді. Бірақ жексенбі күні белгілі болғандай, Йемен жауынгерлері әлемдік сауда үшін маңызды су жолы төңірегіндегі позицияларық қайта тастап кетуге мәжбүр болып отыр. Екі жақ арасындағы шайқастан жүздеген адам қаза тапты және жараланды.

Фархан Хак, БҰҰ ресми өкілінің орынбасары:

Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқығы басқармасының дерегінше, тамыз айынан бері Йеменде 300-дей бейбіт тұрғын опат болды немесе ауруханаларға жеткізілді. Қаза тапқандардың жартысына жуығы – балалар. Ал Халықаралық миграция ұйымы 340 мыңнан астам адамның үйлерін тастап кеткенін растап отыр.

Йемендік хуситтер ел астанасы Сана мен бірқатар провинцияларды 2014 жылы басып алды. Содан кейін халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет порттық қала Аденге қашуға мәжбүр болды. Әскерилердің мәлімдеуінше, Саудияның одақтастары мен мемлекет қарулы күштері дәл осы Аденді қорғау үшін стратегиялық бұғаздан төңірегінен әкетілген. Дегенмен, кейбір бақылаушылардың ойынша, олардың шегінуіне өздерінің арасындағы алауыздық та себеп болуы ғажап емес.

Әбу Бәкір Саид Әуәд, Аден тұрғыны:

Әрине, жағдай тұрақсыз. Армия түгелдей алға жылжып, шайқасты тоқтатпаса, біздің аудандағы ахуал түзеледі деп ойламаймын. Әскеріміз Баб-әл-Мандеб пен Зубабты қайтаруы керек. Өйтпеген жағдайда осы Аденнің өзіне кіріп-шығуымыз қиындайды. 

Йемен мен Сауд Арабиясын арасындағы шиеленіс неліктен дәл биыл бұрынғыдан ушығып отыр? Бұл жайында бақылаушылардың пікірі қандай?

АҚШ пен Израиль тоғыз айға жуық уақыт бұрын Иранға ашқан соғыс өрті Таяу Шығыстың өзге аудандарын да шарпып жатыр. Мазасыз аймақтағы жағдайды қадағалап отырған дипломаттар мен сарапшылардың пікірінше, Тегеран хуситтерді Вашингтонға қысым жасау үшін қолданып отыр. Хуситтер болса, Сауд Арабиясына шабуыл жасап қана қоймай, Йеменнің Баб-әл-Мандеб жағалауын басып алып, Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші елдердің, яғни, Америка одақтастарының энергетикалық шикізат экспортын әрі қарай қиындататын түрі бар.

Бөлісу