Басты Жаңалықтар 9 айда МӘМС қаражатының 60 пайызы игерілген

9 айда МӘМС қаражатының 60 пайызы игерілген

МӘМС-тегі миллиардтар қайта кетіп жатыр? Былтыр  қазақстандықтар емге 1,9 триллион теңгені қордан емес, қалтасынан төлеген. Бүгін бұл мәселе құрылтайдың қабырғасында қаралды. Осы жиынға қатысқан әріптесімнен білейік.

Иә, биыл сақтандыру қоры бөлген қаржы көлемі - 1,7 триллион теңге. Ал мемлекет кепілдік берген тегін көмекті қоса есептегендегі қаражат бұдан екі есе көп. Алайда ақша дер кезінде діттеген жеріне жетпеген. Тоғыз айда қаражаттың 60 пайызы ғана игерілген. Оған қоса қор мың жарымнан астам медициналық ұйымға 183 миллиард теңге қарыз. Бұған қағазбастылық , цифрлық жүйедегі іркілістер мен мекемелер арасындағы жұмыс бір ізге түспегендігі себеп. Алдын ала жазылған сұқбатты тыңдайық. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты:

Көріп отырғанымыздай, салада әлі де түйткілдер бар. Оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы келіспеушіліктерді де ашық мойындауымыз керек. Өкінішке қарай, министрлік пен қор қызметкерлері емес, мұның зардабын ең алдымен қарапайым азаматтар, денсаулық сақтау басқармалары мен ауруханалар тартып отыр.

Былтыр қордың қызметін реттеу үшін реформа басталды. Негізгі міндет 3 мәселенің күрмеуін шешу еді. Сақтандыру ауқымын кеңейту, қаржы көлемін ұлғайту және медициналық қызметтердің ара-жігін ажырату. Себебі бұл медициналық ұйымдар үшін құжат рәсімдеп, қаржы алу үшін біраз қолбайлау болды. Екіншіден, қаржат қат! Жыл сайын кірістен шығыс көп. Келер жылы қорға 2,4 трлн, ал 2029 жылы 3,2 трлн теңге қаржы керек. Тұрғындар сақтандыру жүйесіне тіркелгенде ғана бұл мәселе шешіледі. Мысалы, миллионнан астам адам жүйеге қосылып, қорға қосымша 93 миллиард теңге түскен. Бірақ әлі 2 миллион 800 мың азамат сақтандырылмаған.

Кейбір медицина ұйымдары жалған қызмет көрсетіп, мәліметтерді бұрмалаған, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсаған. Тексеру барысында бюджетке 130 миллион теңгеге жуық, ал қорға 546 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Депутаттар Денсаулық сақтау министрлігі мен қордың қаржылық есебін салыстырып, келесі жылдың кіріс-шығыс есебін әзірлеуді ұсынды. Ал 15 желтоқсанға дейін медициналық қызмет тарифтері, келісімшарттар мен цифрлық төлем жүйесі бірізге түсуі тиіс.

Бөлісу