Қатерлі дертке қарсы күрес: Әлемдік тәжірибе
Темекіні будақтатып, ащы тағамды сүйсіне жеу қатерлі дертке әкелуі әбден мүмкін. Мұны өкпе мен асқазан обырына ота жасайтын әлемдік хирургтер айтып отыр. Дерт бастапқы сатысында анықталса, емделу мүмкіндігі 90 пайызға дейін жетеді. Бүгін Алматыда 8 елдің онкологтары бас қосып, тәжірибе алмасты. Тіпті, күрделі операцияны тікелей эфирде көрсетіп, қазақстандық дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізді.
Алматыдағы республикалық онкология орталығына жиналған дәрігерлер әлемнің үздік онкологтарының әр сөзін қалт жібермей тыңдады. Жапония, Корея, Түркия, Италия бастаған 8 елдің мамандары үш күн бойы ерте диагностика мен емдеудің озық әдістерін талқылайды. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қатерлі дертке дес бермеудің бір жолы - тұрақты тексерілу. Әсіресе, зиянды әдеттерден арыла алмай жүргендер тек тегін скринингпен шектелмей, жыл сайын дәрігерге қаралғаны жөн,- дейді шетелдік мамандар.
Хасан Батирел, Еуропалық Торакалдық хирургтер қоғамының президенті:
Өкпе обыры көбіне 50 жастан асқан адамдарда кездеседі. Оның негізгі себептерінің бірі - темекі шегу. Түркияда пульмонолог пациентті қажет болған жағдайда бірден төмен дозалы компьютерлік томографияға жібереді. Күдікті өзгерістер байқалса, онкологқа жолданады. 20 жыл бойы күніне бір қорап темекі шеккен, жасы 55-тен асқан адамдарға жыл сайын КТ-дан өтуге кеңес береміз.
Дәріс бір бөлек, тәжірибе бір бөлек. Корейлік хирург лекциясын аяқтай салысымен операция бөлмесіне бет алды. Енді оның әр қимылын жүздеген дәрігер экраннан бақылап, ота жасау тәсілін үйреніп отырды.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Дәл қазір Кореядан келген хирург Ву Джин Хён 68 жастағы науқасқа ота жасап жатыр. Операция бас-аяғы 4 сағатқа созылуы мүмкін. Асқазан рагы үшінші сатысында анықталған. Бірақ әзірге метастаз таралмапты. Сондықтан дәрігерлер асқазанды алып тастап, өңешті ішекпен жалғамақ. Ең бастысы, бұл операция лапароскопиялық тәсілмен жасалып жатыр. Ал бұл операцияны онлайн трансляция арқылы 200-ден астам дәрігер көріп отыр.
Кореяда 40 жастан асқан азаматтар асқазан обырына тұрақты түрде тексеріледі. Бұл дерт елде жиі кездескенімен, скринингтің арқасында оны ерте анықтауға мүмкіндік бар. 20 жыл бұрын жылына 50 мыңнан астам адамнан анықталса, қазір жыл сайын 30 мың кісі кеселмен күреседі. Корейлік хирург ащы, тұзды тағамдардың да қатерілі ісікке алып келуі мүмкін екенін айтады.
Ву Джин Хён, Онкохирург:
Тамақтану әдеттері мен асқазан обырының арасында тікелей байланыс бар деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен, ықпал ететінін айту керек. Корей халқы кимчи сияқты ащы, тұзды салатты жақсы көреді. Мұндай тағамдар асқазанның шырышты қабатына кері әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек, Helicobacter pylori бактериясы да асқазан обырының даму қаупін арттырады. Кореяда бұл дерт орташа 65 жаста анықталады.
Қазақстанда да жағдай алаңдатарлық. Қазір 258 мыңнан астам науқас онкологиялық есепте тұр. Жыл сайын 43 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік анықталады. Скринингке шақырылғандардың 70 пайызы тексеріледі. Қазір жатыр мойны обырына 30 жастан, сүт безі обырына 40 жастан, тоқ ішек обырына 50 жастан бастап тегін тексерілуге болады. Бірақ дерттің жасарып бара жатқанына дәрігерлер немқұрайлы қарап отырған жоқпыз,- дейді.
Айша Молдашева, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Скринингтік бағдарламаны жасарту жағы күрделі қарастырылып жатыр. Неге десеңіз, барлық елдерде де, бізде Қазақстанда да статистика бойынша бұл ауруларды біз жасарып келе жатқанын байқаймыз.Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бүгінгі таңда онкологиялық аурулардың ерте анықталуы 0,1 сатысында 34 пайыз асты. Ол дегеніміз өте жақсы көрсеткіш. Мысалы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5700-ден астам адамда сүрт безі қатірлі ісігі анықталған. Оның 5 мыңнан астамы 0,1 және 2 сатысында ерте сатысында анықталған.
Ал тексеріске салғырт қараудың салдарын Вячеслав Сурганов өз басынан өткерген. Ол дәрігерге аурудың алғашқы белгілері байқалғанда ғана жүгінген. Ота жасатып, бірнеше мәрте химиялық терапия қабылдапты. Енді өзгелерге өз қателігін қайталамауға кеңес береді.
Вячеслав Сурганов, қала тұрғыны:
Өкінішке қарай, скринингтен уақытында өтудің маңызын түсінбедім. Диагноздың белгілері байқалғанда ғана дәрігерге жүгіндім. Гемоглобинім түсіп, салмақ жоғалта бастадым. Сондықтан барша азаматқа айтарым дер кезінде тексеріліңіздер.
Қатерлі ісік ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан, дәрігерлер тегін тексерсті өткізіп алмауды ескертеді. Айта кетейік, қараша айында еліміздегі барлық онкологиялық орталықта ашық есік күндері өтеді. Тұрғындар ұйқыбезі және қуықасты безі бойынша тексеріліп, мамандардан кеңес ала алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы