Басты Жаңалықтар Риелтор қызметі бақылауға алынады

Риелтор қызметі бақылауға алынады

Риелторға талап күшейеді. Сауда және интеграция министрлігі Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп бірыңғай ереже енгізбекші. Жаңа өзгерістер мамандардың ақысына ғана емес, кәсіби біліктілігі мен өзара жасалатын келісімшарттың мазмұнына да қатысты. Әріптесім Раушан Сайлауқызы тақырыпты жан-жақты зерттеген. Енді саладағы көпке қызық сауалдардың жауабын өзінен білсек. Раушан, екі тараптан да ақы алып келген делдалдардың мәселесі енді қалай шешіледі?

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Енді риелторға жүгінбесең, ақша төлемейсің. Иә бұған дейін сатушыдан да, сатып алушыдан да қомақты комиссия алып келген кей риелторлардың әрекеті енді заңмен әшкереленеді. Осы уақытқа дейін тұрғындар нақты талаптардың ақ қарасын ажырата алмай, делдалдардың дегеніне көніп келген еді. Енді бұл қызметке тапсырыс бермеген тарап риелторға ақы төлеуге міндетті емес.

Енді заң жүзінде клиент риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін қаражат төлейтінін алдын ала білуі тиіс.

Олжас Құспеков, ҚР Құрылтайының депутаты:

Бүгінгі күні риелторлар қызметі заңмен реттелмегендіктен, екіжақты комиссия сұрауды үйреніп алған. Бұл – негізі заңсыз әрекет. Тек қана риелторды жалдаған адам ғана комиссиясын төлеу керек.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бұған дейін риелтормен өзара жасалатын келісімшарттың мазмұны да бақыланбай келген. Тіпті, кей компаниялар бұл құжатты өз ыңғайына қарай икемдеп алған. Салдарынан тұтынушылардың шағымы да жиілеген. Енді жаңа талапқа сәйкес, келісімшарттың үлгісін мемлекет бекітеді. Ондағы көрсетілетін қызметтердің тізімі, құны, комиссиялық сыйақының мөлшері, оны төлеу тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері заң аясында нақты жазылады. Тағы бір маңызды бағыт – риелторлардың кәсіби стандарты бекиді. Яғни, арнайы ұйым арқылы мамандардың кәсіби біліктілігін растау және лицензиялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Әділет Шакирбайұлы, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басқарма басшысы:

Риелторлар қызметін реттелетін кәсіптер тізбесіне енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде кәсіпке еркін кірудің тәсілінен, біліктілікті растау арқылы кіру жүйесіне көшуге мүмкіндік береді.

Демек, енді кездейсоқ адамдар бұл салаға келе алмайды. Нарық шын білікті мамандарды сұрыптайды. Десе де риелтордың болжамына сүйенсек, жаңа талаптар қызмет ақысын қымбаттатуы әбден мүмкін.

Арман Жетіру, коммерциялық жылжымайтын мүлік саласындағы консалтингтік компанияның директоры:

1000 риелтор болса, сол лицензияны алар кезде 300-і ғана немесе 100-і ғана ала алады. Сөйтіп риэлторлардың саны азая бастайды. Ол кейін риелторлардың қызметінің жоғарылауына әкеледі.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Сонымен қатар, риелторларға клиентке қызметін мәжбүрлеп таңуға, келісімшартқа тиімсіз шарттар қосуға және нақты жұмыс істемей тұрып, негізсіз комиссия талап етуге қатаң тыйым салынады. Тәртіп бұзған мамандар тізімнен шығарылып, жұмыс істеу құқығынан айырылады.

Жақсы, түсінікті. Бұл талап қашаннан бастап күшіне енеді?

Сауда және интерграция министрлігі өкілдерінің айтуынша, жаңа талаптар қазір депутаттармен, кәсіби қауымдастықтармен бірге талқылануда. Мақұлданса, заң жобасына тиісті өзгертулер енгізіледі.

Бөлісу