Биатлоншы қыздар 7,5 шақырым қашықтықта Олимпиаданың алтынын сарапқа салды. Қазақ елі төрт қызымызға үміт артқан. Алдымен жарыс жолына Галина Вишневская шықты. Алғашқы нысанада қателік жіберген ол екінші нысанда сол олқылықтың орнын толтырамын деп, бар уақытын жоғалтып алды.
Осылайша, ол жарыс жолын 64-ші болып аяқтады. Соңынан Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева шықты. Тұрып атуда мүлт кетпеген Елена жатып атуға келгенде екі мәрте қателікке бой алдырып, 57-ші орыннан көрінді.
Үшінші болып бақ сынаған Дарья Усановаға жарыс жолы кедергі бола бастады. Оның көрсеткіші – 58-ші орын. Ал төртінші топта шеберлік байқасқан Марина Лебедева төмен нәтиже көрсетіп, жарысты 83-ші болып аяқтады.
Галина Вишневская, биатлоннан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:
Жарыс жолы өте қиын. Шаңғы жақсы майланғанымен, алғашқы нысанада мүлт кеттім. Содан кейін өз-өзіме келе алмадым. Әйтпесе, бәрі ойдағыдай болған секілді. Алдағы сындарда барымды саламын.
Елена Хрусталева, биатлоннан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:
Не болғанынын өзімде түсінбеймін. Дайындығым жақсы болды, шаңғының табаны да жақсы майланған. Тіпті кей жерлерде сырғанап, қарсыластарымды басып оздым. Тұрып атудан қауіптенгенмін, қателік жіберемін бе, деп, алайда, жатып атуда өзімді-өзім жеңе алмай, екі мәрте мүлт кеттім. Үздік отыздыққа енемін бе, деген ойым жүзеге аспай қалды. Енді 14 ақпанда ел сенімін ақтаймын деп ойлаймын.