Басты Жаңалықтар Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасымалы: Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасымалы: Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

Қазақстан Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ғана емес, «Еуразияның басты көлік-логистикалық орталықтарының біріне айналуы керек». Картадағы орнымыз – үлкен мүмкіндік. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бірақ транзиттік әлеуетті нақты экономикалық пайдаға айналдыру үшін тек жолдың болғаны аз.

Мемлекет басшысы сәрсенбідегі халыққа Жолдауында осы мәселелерді ашық көтерді. Сапасыз жолдарды сынға алды. Шекарадағы кедергілерді жоюды тапсырды. Тіпті, Еуропа мен Азияны жалғайтын әуе дәліздерінің мүмкіндігін де толық пайдалана алмай отырғанымызды айтты.

Ал алда ауқымды жобалар тұр. Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылмақ. Ол Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін жылына 20 миллион тоннаға арттырады. «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтуға тиіс.

Алайда жаңа жол салумен мәселе түбегейлі шешілмейді. Соңғы үш жылда 53 мың шақырым жолдың талапқа сай еместігі анықталған. 99 мердігер ұйымға 120 миллион теңге айыппұл салынған. Демек, құрылыс қарқынымен қатар сапаға бақылау да күшеюі керек.

Қазақстанның мақсаты – өз аумағы арқылы жүк өткізіп қана қою емес. Халықаралық тасымалды ұйымдастыру. Отандық логистикалық компанияларды дамыту. Жол бойында жаңа қызметті жүйелеп, жетілдіру. Сонда транзиттен түсетін табыс та, ашылатын жұмыс орындары да көбейеді.

Бөлісу