Басты Жаңалықтар Түркі елдерінің басшылары Анкарада бас қосты: Саммитте қандай мәселелер талқыланды?

Түркі елдерінің басшылары Анкарада бас қосты: Саммитте қандай мәселелер талқыланды?

Түркі мемлекеттері аспан асты елінің іргесімен астасып, Жерорта теңізіне дейінгі үлкен кеңістікті алып жатыр. Құс қанаты талатын кең атырап. Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан. Қарт теңізді қатар емген Әзербайжан, Азия мен Еуропаны жалғаған Анадолы. Қазір әлемде егемен ел ретінде еңсесін тіктеген алты түркі мемлекеті бар.

Ал жер жүзіндегі түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың саны отыздан асады. Бірқатары өзге елдердің құрамындағы республикалар мен автономиялық аймақтарда тұрады.

Тарихы тамырлас, болмысы сабақтас осы жұрттың ұйымына мүше және бақылаушы елдердің халқы 180 миллионнан асады. Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының мәліметінше, былтыр олардың жиынтық жалпы ішкі өнімі 2,4 триллион доллардан асқан. Сыртқы сауда айналымы 1,27 триллион долларға жеткен. Қазақстан мен Әзербайжанның энергетикалық ресурстары, Түркияның өндірістік қуаты, Өзбекстанның өсіп келе жатқан нарығы бар. Осы мүмкіндіктерді ұштастыру – ұйым алдындағы негізгі міндеттердің бірі.

Апта соңында Анкарада өткен ұйымның 13-саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылдың бедерін нақты стратегиялық жобалармен толықтыруды ұсынды. Түркі инвестициялық қорының жұмысын жандандырып, келесі жылы Қазақстанда Іскерлік форум өткізу бастамасын көтерді. Мұның нәтижесі кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыдан, ашылған өндірістен, құрылған жұмыс орындарынан көрінуге тиіс.

Жиында Анкара декларациясы да қабылданды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Тас жарылады, күміс балқиды, ал түріктік – мәңгілік. Бұл – түрік ұлтының ұлы перзенті Мұстафа Кемал Ататүріктің ел, Отан жайлы толғауы. Жүз үш жыл бұрын күйреп бара жатқан елді біріктіріп, бүгінгі Түркияның негізін қалап, іргесін бекітті. Осы аптада Анадолы жұрты айтулы мерекені – Республика күнін атап өтті. Нағыз мереке. Ердоған ұлтының ең ұлық мерекесінде ең қадірлі қонақтарына сауын айтып, арнайы шақыртты. Осылайша түркі елдерінің басшылары Анкара төрінде бас қосты.

Сәрсенбі. Жолдаудан кейін нөмірі бірінші борт бірден Анкараға қарай бет түзеді. Әуежайдан Мемлекет басшысын Президент Ердоған өзі қарсы алып, құрмет көрсетті. Дипломатия тілінде бұл – ең жоғары ілтипаттың белгісі.

Атты әскер, сесті әуен, ежелгі батырлар бейнесіндегі сардарлар. Түркия мәртебелі мейманды сән-салтанатпен қарсы алды.

Түркі елдерінің саммиті алдында қос тарап әуелі екеуара мәселелерді ортаға салып, келіссөз жүргізді.

Түркия еліміз еншісін алып, егемен атанғанда ең бірінші құтты болсын айтып, қолдау танытқан мемлекет. Қазір елдер арасындағы алыс-беріс қомақты. Былтыр 5,6 млрд доллардан асқан. Тараптар бірлескен жобаларды арттыруға ниетті. Мәселен, мұнай-газ саласында әріптестік әлеуеті үлкен.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Біз түрік компаниясын Жамбыл кенін игеруге шақырып отырмыз. Оның қоры 60 млн тонна. Барлаудан бастап игеруге дейін бірлесе жұмыс істеу міндеті тұр. Ал түрік тарапы өздерінің Қара теңіздегі кенін ұсынып отыр. Қазір соны зерделеп жатырмыз.

Ертесіне Анкарадағы Бештепе, қазақша айтсақ, Бестөбе саябағына бес елдің басшылары жиналып, Түркі аллеясын ашты. Достықтың тамыры тереңге тартсын деген ниетпен президенттер бірге ағаш екті.

Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа саябақ жоспарын жеке өзі жіті таныстырды. Атшаптырым аумақ Анкараның ең көрікті жерлерінің бірі болмақ. Дәл осында көпшілік назарына түбі бір бауырлас елдердің мәдениетін айшықтаған көрме де ұсынылды.

Өнерпаздар тарихтан сыр шертіп, қазақ пен қарақалпақ және қырғыздың бір атадан тарағанын бимен жеткізді.

Орхон ескерткіші. Ортақ сурет. Дәл осы сәтте әскери ұшақтар аспанды туыс елдердің ту түсіне бояды.

Мәдени бағдарлама кешкі ас кезінде де жалғасты. Түркі ансамблі мен оркестр таңдаулы шығармаларын ұсынды. Жиналған жұртшылық отандасымыз Димаш Құдайбергеннің өнеріне ерекше тәнті болды. Президенттер концерттен кейін Димашпен арнайы амандасып, естелік суретке түсті.

Түркі елдерінің басшылары бас қосқан салтанатты кеште Ердоғанға Дональд Трамп қоңырау шалды. Түркия президенті АҚШ басшысына бауырлас елдер көшбасшыларының сәлемін жеткізді. Ал АҚШ президенті Анкара саммитінің сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Суретке түсу рәсімінде кімнің қай жерде тұрғаны да көп нәрсені аңғартады. Бұл – ұйымның 13-саммиті. Ол «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» деген айдармен өтті. Тарихи сәйкестік. Дәл жүз жыл бұрын Баку қаласында алғашқы Түркология құрылтайы өткен еді. Бірнеше жыл бұрын сол жиынға қатысқан Ахмет Байтұрсынұлының құнды бейнежазбасы да табылған.

Иә, бір ғасыр бұрын ғалымдар ортақ әліпби мен түркі мәдениетін сақтап қалудың жолдарын талқыға салды. Ал бүгінде ел басшылары мемлекеттік деңгейде сауда-экономикалық әріптестік әлеуетін арттыру мәселесін қарастырып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет. Оның әлеуеті зор. Бұл қаржылық институттың толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап берсек, жөн болар. Бұған қоса, экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндігін пайдаланған абзал.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған түркі мемлекеттерінің ортақ тарихы мен мәдени мұрасы болашақтағы ынтымақтастықтың негізі деген пікірде. Оның сөзінше, түркі әлемінде алауыздық пен бөлінуге орын болмауы керек.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

Түркі әлемінің отбасылық суретінде бөлінуге, жіктелуге немесе алауыздыққа орын жоқ. Біз – біртұтаспыз, бірге тұрмыз және, Алла қаласа, мәңгі бауыр болып қала береміз.

Түркілер бестігі – бірлігі жарасқан бірлестік. Халықаралық алаңда бұл құрылымға қызығушылық жоғары. Қазір Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы. Саммит барысында Президент көпшілік күтпеген бастама көтерді. Яғни, ұйым аясын тағы кеңейтуді ұсынды. Тоқаев түркілер клубына Ресейдің қосылуға ниетті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді.

Иә, Ресей – алып ел. Федерацияда 30-ға жуық түркі халықтары тарихи мекенінде тіршілік етеді. Татар, башқұрт, ноғай, құмық секілді тамыры бір елдер бар.

Ергенекон Саврун, саясаттанушы:

Біз Түркі мемлекеттері ұйымын күшейтіп, оның әлеуетін арттыруымыз керек. Бірақ көршілерімізбен ынтымақтаспай, бұл жұмысты тиімді жүргізу қиын. Президент Тоқаевтың ұсынысын парасатты бастама деп бағалаймын. Өңірлік және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол. Ауқымды деңгейде жұмыс істегіміз келсе, көршілерімізбен бірлесіп әрекет етуге тиіспіз.

Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі ұйымы геосаяси бірлестік емес екенін тағы бір мәрте еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы.

Орта дәліз – түркі жұрты үшін ортақ мүмкіндік. Биылғы 9 айда бұл бағытпен жүк тасымалы 30 пайызға артқан. Дегенмен порттар мен жолдарды дамыту қажет. Кедендік кедергілер мен құжат қиындығын шешу үшін цифрлық шешімдер енгізу ұсынылды.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:

Мұндай географиялық мүмкіндік кейбір мемлекеттерде жоқ. Каспийге шығу, Қытаймен, Ресеймен көрші елміз. Сауда-саттық, алыс-беріс, барыс-келістің көбеюі. Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануы. Жаһандық жеткізілім тізбектеріне қосылуы, міне, осының барлығы Түркі жобасы деп аталатын көлік-транзиттік торабы желісі деп айтуға болады. Қазақстан осы бағытта жұмысын жалғастыра беру керек.

Жалпы, түркі елдерінің алыс-берісі табысты. Былтыр Қазақстанның бауырлас елдермен сауда-саттығы 10 млрд долларға жуықтады. Енді оны еселеу міндеті тұр.

Мехмет Сейфеттин, Анкара Дағдарыстар мен саясатты зерттеу орталығының президенті:

Қазақстанның Ұйымдағы маңызды рөлі экономикамен ғана шектелмейді. Елдің белсенді қатысуы түркі әлемінің жақындасуына ықпал етіп, мемлекеттеріміздің экономикалық, мәдени және саяси байланыстары тығыз болатын жарқын болашаққа жол ашады. Осы ықпалдастық үдерісінде Түркия мен Қазақстан арасындағы берік байланыс бүкіл Ұйымды алға жетелейтін табиғи қозғаушы күш қызметін атқарады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Анкара саммиті ортақ декларациямен түйінделді. Ал ұйымға төрағалық міндеті Түркия еліне өтіп отыр. Жаңа Бас хатшы лауазымына өзбек елінің өкілі Мирвохид Азимов тағайындалды. Мемлекет басшысы сөз соңын «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» деген мақалмен түйіндеді. Осылайша бауырлас елдерді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге шақырды.

Бөлісу