Басты Жаңалықтар Жаппай улану: Ішек таяқшасы мен стафилококк анықталған

Жаппай улану: Ішек таяқшасы мен стафилококк анықталған

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде болған жаппай улануға қатысты жаңа деректер белгілі болды. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, зертханалық тексеру кезінде кейбір тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы тобының бактериялары табылған. Ал асхананың 38 қызметкерінің 4-нен алтын түсті стафилококк анықталып, олар уақытша жұмыстан шеттетілді. Сондай-ақ тексеру барысында азық-түлікті сақтау және санитариялық талаптарды орындау кезінде бірқатар заңбұзушылық тіркелген. Сауалнама қорытындысы бойынша науқастардың барлығы мектеп асханасында тамақтанғаны белгілі болды. Оқиғаға қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды. Асхана мен мектеп-интернаттың жұмысы 2 айға тоқтатылды. Қазір инфекция ошағы оқшауланған. Науқастармен байланыста болған 961 адамның арасынан жаңадан ауырғандар тіркелмеді. Ауруханаға жатқызылған 58 науқастың барлығы емделіп шықты. Тағы екі адам амбулаториялық ем алған. Олардың да жағдайы қанағаттанарлық. Мектеп ғимараттары мен асханада толық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.

Бөлісу