Қазақстан мен Түркия Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты, Анкарадағы
Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысының
келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтте Президент
кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған
қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, зеңбіректен
21 дүркін оқ атылды. Мұнан соң, Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін
таныстырды. Содан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президенттердің келіссөзі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен
одан әрі жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің Республика күні қарсаңындағы
жүздесу терең символдық мәнге ие екенін айтып, Түркия Президенті мен барша түрік
халқын ұлық мерекемен құттықтады. Келіссөз барысында екі ел басшылары көлік-логистика,
энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық
бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Тараптар мамыр айында Астанада қол
қойылған Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы
декларацияның маңыздылығын атап өтіп, екіжақты байланыстарды нақты қадамдармен
тереңдетуге ниетті екенін жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы