Израильде парламентке сайлау болып жатыр
Бірер сағат бұрын Израильде парламенттік сайлау басталды. Негізгі фавориттер – қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен консерваторлар жетекшісі Гади Айзенкот. Екіншісі жеңсе, Газада соғыс тоқтайды деген үміт бар. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Таңертең бүкіл Израильде дауыс беру бөлімшелері ашылды. Бұл – ел тарихындағы ең маңызды сайлаулардың бірі. Қазір жергілікті жұртты мазалап отырған негізгі сауал – Газада үш жылдан бері қанқұйлы соғыс жүргізіп жатқан премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен оның әсіре оңшыл сыбайластары билікте қала ма?
Офир Гутельзон, Израиль азаматы:
Мен дауыс беру үшін сонау Сан-Францискодан ұшып келдім. Өзгеріске үмітім бар. Израиль еврейлердің елі ғана болып қалмай, демократиялық мемлекет ретінде де алға жылжи берсе екен.
Бұл – 2023 жылы қазанның 7-де хамастықтардың шабуылынан бері Израильде алғаш рет өтіп жатқан сайлау. 36 партия Кнессеттегі 120 орын үшін бақ сынайды. Негізгі бәсекелестер – Нетаньяху бастаған «Ликуд» ұлтшылдар партиясы мен бұрынғы бас штаб қолбасшысы Гади Айзенкот жетекшілік ететін консерваторлар. Екеуінің жеңіске жету мүмкіндігі бір-бірімен шамалас.
Амоц Аса-Эль, саяси сарапшы:
Менің пайымымша, бірде бір партия айқын басымдық байқатпайды. Өз басым қазіргі үкіметтің отставкаға кеткенін қалаймын. Себебі ол елімізге үлкен зиян тигізді. Заманы өтті деп ойлаймын.
Нетаньяху да, Айзенкот та Палестина мемлекетінің құрылуына қарсы. Дегенмен болжамдарға қарағанда, Израильде үкімет ауысса, Газада қарулы қақтығыстар тоқтап, халықаралық жоспар бойынша қалпына келтіру процесі басталуы мүмкін және де Айзанкот жеңсе, Батыс жағалаудағы арабтар еврей қоныстанушыларының шабуылдарынан қорғалады деген үміт бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы