Қазақстан – Ресей шекарасындағы бекетті жаңартып жатыр
Батыс Қазақстан облысында Ресей шекарасындағы «Сырым» көлік өткізу бекеті қайта жаңартылып жатыр. Былтырғы жолдауда мемлекет басшысы кейбір бекеттердің сапасы сын көтермейтінін, заманауи талапқа сай келмейтінін айтқан еді. Президент тапсырмасына сәйкес елдегі ең ірі бекеттердің бірі бұрын 6 жолақты болса, жөнделген соң 14-ке ұлғайып, көлік өткізу қарқыны артады. Әріптесім Ардақ Мұратқызы шекараға барып, құрылыс барысын көріп қайтты.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетіндеміз. Бұл тұста өңір Самара облысымен шектеседі. Мұнда бір жыл бұрын басталған бекет құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір әкімшілік ғимараттың ең төбесінде тұрмыз. Міне, жұмысшылар бетон құюға әзірлікті бастап кеткен.
Самара – Шымкент күре жолының бойындағы шекаралық бекет түгел бұзылып, қайта салынып жатыр. Жұмысшылар күні-түні еңбек етеді. Техникалық қадағалаушылар да істің басы-қасында жүр.
Әнуар Бахтияров, техникалық қадағалау мекемесінің қызметкері:
Құрылыс нысанында 180 адам жұмыс істеп жатыр. Екі ауысымда. Бірінші ауысымда 140, түнгі ауысымда 40 адам жұмыс істейді және 50-ге жақын арнайы техника бар. Нысанның жұмысы 65 %-ға дайын.
Бас әкімшілік ғимараттың қабырғасы қаланып, қазір тек ішкі жұмыстары қалған. Бұрын бекеттен тәулігіне 1500 жүк көлігі өтетін. Қазір жөндеуге байланысты бір бөлігі жабылып, көлік саны 500-ге дейін шектелген. Соның әсерінен де шекарада ұзын-сонар кезек қалыптасқан.
Нұрлан Лесбеков, жүргізуші:
Жөндеу жасап жатқаны жақсы ғой, халыққа жақсы. Жаңасы салынып бітсе, мұндай кезек болмайтын шығар. Әр жақтан келгендер ана жақтан, біз мына жақтан өтіп, бір тәулікте өтетін шығармыз. Шымкенттен күріш алып келе жатырмын. Бүгін түнде өтсек, 2-3 күнде амандық болса, Мәскеуге барып қалармыз.
Шекарада электронды кезек енгізілген. Қазір өткелде 6 жолақ болса, құрылыстан соң оның саны 14-ке дейін ұлғаяды. Жоба құны – 22 млрд теңге.
Данияр Дүйсенғалиев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
Тереңдетілген тексеру ангарында керек кезде жүк көліктерін кіргізіп, толық тексереді. Асты-үстін, бәрін қарап. Одан басқа инспекциялық тексеру кешені бар. Ол рентген аппарат. Жүк көлігінің жүріп келе жатқан бағытын тоқтатпай, қозғалыста тексереді.
Ғимараттарда шекарашыларға барлық жағдай жасалған. Қызметтік иттерге арналған орынжай да салынған. Бекетте талшықты-оптикалық интернет байланысы қосылады. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Өңірдегі қалған бес бекет те кезең-кезеңмен жаңартылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы