Басты Жаңалықтар Жетісу диқандары 439 мың тонна жүгері жинамақ

Жетісу диқандары 439 мың тонна жүгері жинамақ

Жетісу облысының шаруалары жүгері дақылын жинауға кірісті. Биыл өңір диқандары 64 мың гектар алқапқа дақыл еккен. Оның 24 мың гектардан астамын орып үлгерді. Жетісу – Қазақстандағы жүгері өндіретін жетекші өңірлердің бірі. Былтыр елімізде егілген жалпы дәнді алқаптың 25 пайызға жуығы Жетісу облысына тиесілі болған.

Панфилов ауданындағы алқапта жүгері орағы басталды. Шаруа қожалығы 500 гектар жерге «Пионер» және «Монсанто» тұқымдарын еккен. Биылғы аптап ыстыққа қарамастан, 120 гектар жердегі тамшылатып суару жүйесі өнімді арттыруға мүмкіндік берді. Қожалық биыл 3 мың тонна өнім жинауға ниетті. Қазір комбайншылар алқаптың үштен бірін орып үлгерді.

Марат Ыбырайымжанов, комбайншы:

Күніге 25 гектардай орамыз, жүгері жөнелтеміз. Бір камаз 35 тоннадан – 4 камаз жібереміз. Сонда 120 тоннадан артық жүгері жібереміз күніге.

Ірі серіктестіктер жиналған дақылды өздерінің қамбасына жинаса, ал шағын шаруашылықтар өнімді көпшілікке арналған қырманда кептіріп жатыр. Ал өңдеу зауыттары жүгеріні келісіне 90 теңгеге дейін қабылдайды.  Алайда шаруалар бұл баға шығынды ақтамайды деп отыр.

-   45 мың теңге бір гектарды ору үшін. Оны мына тұрған кішкентай полядан қырмағнға жеткізу үшін бір келі жүгеріге 2 теңге төленеді.

-   Ылғалдылығы 20-дан, 15-тен төмен болса 85 теңгеден алады.

-   Қазір 90 теңгеден қабылдап жатыр завод. Оның өзі 15-16 влажность болуы керек. Енді бұйырғаны болады. Ол сақтап отыратын складымыз жоқ

Мамандардың айтуынша, әлемдік нарықта да жүгері бағасы төмендеген. Қазан айында оның бір тоннасы 180-190 долларға бағаланып, өткен аймен салыстырғанда 10 пайызға арзандаған. Бұған АҚШ пен Еуропадағы астық қорының күтілген межеден асып кетуі себеп.

Ғалымжан Бақытжанұлы, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС кептіру кешенінің директоры:

Халық ойлады 100 теңгеден бұршақ болады биыл деп. Ондай баға болмай тұр. Ресейден бізге бал өнімдері кіргеніне байланысты қазіргі біздің бағамыз 90 теңге болып тұр.

Шаруалардың шығынын азайту үшін мемлекет жүгерінің әр тоннасына 13 мың теңге субсидия береді. Ал Жаркент крахмал-сірне зауыты биыл өнімді былтырғыдан 15 теңгеге қымбат, яғни 90 теңгеден қабылдап жатыр. Өңірде жүгері жинау науқаны қара күзге дейін жалғасып, диқандар 439 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Бөлісу