Басты Жаңалықтар Шетелге жұмысқа барарда нені білу керек?

Шетелге жұмысқа барарда нені білу керек?

Шетелге барып, жоғары табысы бар жұмысқа орналасасыңыз. Дәл осындай уәде беретін хабарландырулар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жиілеген. Десе де, оңай олжаға кенелемін деп алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Шетелге жұмысқа барарда нені ескеру керек? Алаяқтардың арбауына түспеу үшін қандай сақтық шараларын ұстанған жөн? Жазира Оразқызы толығырақ баяндайды

Жазира Оразқызы, тілші:

Мамандардың айтуынша, сенімсіз делдалдарға алданудың кесірінен қыруар ақшаңнан айырылып қана қоймай, шетелде құқығыңды қорғай алмай, қиындыққа тап болуыңыз мүмкін. Әсіресе, жұмысқа орналастыруды ұсынған ұйым Қазақстанда тіркелмесе және заң аясында жұмыс істемесе, тәуекел жоғары. Сондықтан бейтаныс адамдарға ақша аударуға асықпаған жөн. Шетелге жұмысқа бармас бұрын делдалдың ресми аккредитациясы бар-жоғын, еңбек шарты мен қажетті рұқсат құжаттарын мұқият тексерген абзал. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі де жоғары жалақыға қызықтырып, азаматтарды шетелге алдап апаратын жағдайлар туралы ескерткен еді. Кейбір адамдардың құжаттарын тартып алып, жүріп-тұру еркіндігін шектеген оқиғалар тіркелген. Мәселен, Сыртқы істер министрлігі соңғы жылдары Мьянмадағы қылмыстық алаяқтық орталықтарынан 50-ге жуық жерлесіміздің елге қайтарылғаны туралы хабарлаған. Олардың кейбірі шетелге жұмыс іздеп барып, алданып қалған. Сондықтан жоғары жалақы төленетін, шетелдегі жұмысқа қызықпас бұрын, оның заңдылығына көз жеткізіп, барлық құжатты мұқият тексеру маңызды. Өйткені, мұндай алаяқтық схемалары қаржыдан ғана емес, еркіндіктен де айыруы бек мүмкін.

Бөлісу